Accessibility links

Сирия оппозициясы үкіметтің бітім шартын бұзбайтынына күмән білдіреді


Көтерілісшілер бақылауындағы Дум қаласына жасалған әуе шабуылынан кейін. 9 қыркүйек 2016 жыл.
Көтерілісшілер бақылауындағы Дум қаласына жасалған әуе шабуылынан кейін. 9 қыркүйек 2016 жыл.

Сирия оппозициясы бүкіл ел аумағында атысты тоқтату туралы АҚШ пен Ресей арасындағы келісімнің іске асатындығына күмән білдірді.

Оппозициялық Сирия ұлттық коалициясының мүшесі Самир ан-Нашар DPA агенттігіне өз жақтастары Сирия президенті Башар Асад режимі мен оның одақтастарына (ішінде Ресей де бар) сенбейтіндігін, сондықтан аңысын аңдап көретінін мәлімдеген.

Дамаскіден әзірше ресми комментарий түскен жоқ.

Сирияның солтүстігінде әскери операция жүргізіп жатқан Түркия АҚШ пен Ресейдің келісімін құптаған. Анкара атысты бүкіл Сирия аумағында доғарудың және бейбіт тұрғындарға шұғыл гуманитарлық көмек көрсетудің маңыздылығын атап көрсеткен. Түркия сыртқы істер министрлігі қоршаудағы Алеппо қаласына гуманитарлық жүк жеткізу ниеті туралы хабарлаған.

Жұма күні Женевада 12 сағатқа жалғасқан келіссөздерден кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сириядағы қарулы жанжалды бейбіт жолмен реттеу жоспары бойынша келісімге келген. Жоспарда қарулы жанжалға қатысушы тараптарға дүйсенбіден бастап әскери іс-қимылдарды доғару ұсынылған. Үкімет ұшақтарына оппозиция бақылауындағы аудандар аумағында ұшуға және соққы жасауға тыйым салынады.

Бітім туралы келісімнің исламшыл содырларға қатысы жоқ. Вашингтон мен Мәскеу екі тараптың әскери күштері жихадшыларға қарсы әуе соққылары жайлы өзара келісіп отыруы үшін үйлестіру орталығын құрмақшы. Келісілген жоспарға сәйкес, әуе соққысын тек АҚШ пен Ресей ұшақтары ғана жасай алады.

XS
SM
MD
LG