Accessibility links

Польша тергеушілері Ту-154 апатына қатысты жаңа деректер барын айтады


Ұшақ апаты құрбандларын еске алу шарасы кезінде қайғылы оқиғада қаза тапқан Польша президенті Лех Качиньский мен оның зайыбының суретін ұстап тұрған адам. Варшава, 10 сәуір 2015 жыл.

Ұшақ апаты құрбандларын еске алу шарасы кезінде қайғылы оқиғада қаза тапқан Польша президенті Лех Качиньский мен оның зайыбының суретін ұстап тұрған адам. Варшава, 10 сәуір 2015 жыл.

Польша президенті ұшағының 2010 жылы Ресейдің Смоленск қаласы түбінде апатқа ұшырауының себебін анықтау мақсатында құрылған комиссия апат болған күні ресейлік диспетчерлердің не сөйлескенін талдай келе, олар ұшақ экипажын шатастырған деген пікірге келген. Бұл туралы жексенбі күні комиссия басшысы Вацлав Берчиньский мәлімдеген.

Оның сөзінше, комиссия Смоленск әуежайының бақылау мұнарасында болған әңгімелердің аудиотаспасын тыңдаған кезде диспетчерлердің ұшақ экипажына әуежайдың ұшып-қону алаңының қай жерден басталатыны туралы ақпаратты қате бергені анықталған. Тергеушілер бұл жайт ұшақ апатына себеп болуы мүмкін деп санайды. Комиссия қыркүйектің 15-і күні баспасөз мәслихатында апат себебін тергеу ісі жайлы егжей-тегжейлі баяндамақшы.

2010 жылғы сәуірдің 10-ы күні Польшаның Ту-154 ұшағы Смоленск түбінде апатқа ұшырап, 96 адам қаза тапқан. Опат болғандар арасында Польша президенті Лех Качиньский және өзге де лауазымды тұлғалар болған. Қайғылы оқиғаның себебін тергеу ісі әлі жалғасып жатыр. Польша тергеу комиссиясы ұшақ апатын «теракт» деп атаған. Ал Ресей жағы апат «ұшқыштың қателігінен» болған деген болжам ұстанады.

XS
SM
MD
LG