Accessibility links

Матаев сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады


Есіл ауданды №2 соты оңнан солға қарай: адвокат Мәдина Бакиева, адвокат Андрей Петров, айыпталушы Сейітқазы Матаев, айыпталушы Әсет Матаев, адвокат Серікқали Мусин. Астана, 3 тамыз 2016 жыл.

Есіл ауданды №2 соты оңнан солға қарай: адвокат Мәдина Бакиева, адвокат Андрей Петров, айыпталушы Сейітқазы Матаев, айыпталушы Әсет Матаев, адвокат Серікқали Мусин. Астана, 3 тамыз 2016 жыл.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың адвокаты судьядан жұма күнгі сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарат агенттігі хабарлады.

Матаевтың өзі де Астанадағы Есіл аудандық №2 сотының судьясы Ақболат Құрманбаевтан бірнеше күн дәрігерге қаралуға рұқсат сұрады.

15 қыркүйектегі сот отырысы Сейітқазы Матаевтың қан қысымының көтерілуіне байланысты кейінге шегерілген. 23, 29 тамыз және 5 қыркүйекте Сейітқазы Матаевтың қан қысымы жоғарылап, сот залынан жедел жәрдеммен алып кеткен.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып "қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

Матаевтардың үстінен сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.

XS
SM
MD
LG