Accessibility links

АҚШ Ресейді Сирия билігін келісімді орындауға көндіруге шақырды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Женева, 9 қыркүйек 2016 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Женева, 9 қыркүйек 2016 жыл.

Вашингтон Мәскеуді егер Сирия билігі атысты доғару жайлы келісімде қарастырылған шартты орындамай, оппозиция бақылауындағы Алеппо аймағына гуманитарлық жүктерді жібермесе, онда АҚШ пен Ресей арасында көзделген әскери ынтымақтастық іске аспауы ықтимал екенін ескерткен. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа жұма күні телефонмен сөйлескенде жеткізген. Керри Мәскеу Дамаскіні атысты доғару туралы келісімнің негізгі шартының бірін орындап, Алеппоға гуманитарлық жүк тиелген автокөліктерге жол ашуға көндіруі тиіс екенін айтқан. Егер олай болмаса Вашингтон Сириядағы террорлық топтарға әуе шабуылдарын үйлестіру және барлау мәліметтерімен алмасу мақсатында Ресей мен АҚШ-тың бірлескен үйлестіру орталығын ұйымдастырудан бас тартпақ.

Қыркүйектің 9-ы күні Женевада Джон Керри мен Сергей Лавров арасында жасалған келісімде Сирия үкіметі оппозиция күштеріне қарсы әуе шабуылы мен атысты тоқтатып, Алеппо қаласына гуманитарлық жүк жеткізу үшін жол ашуы тиіс екені, ал АҚШ пен Ресей террористік топтар туралы барлау мәліметтерімен алмасып, оларға қарсы әуе операцияларын үйлестіретіні айтылған еді.

Сирияда атысты доғару туралы келісім бес күн бұрын күшіне енген, бірақ билік оппозиция қолындағы Алеппо ауданына гуманитарлық жүк тиелген көліктерді өткізбей отыр. Вашингтон келісімнің бұған қатысты шарты орындалмайынша Ресеймен Сирия жерінде әскери ынтымақтастық орнату мүмкін емес дейді.

Америкалық баспасөздің хабарлауынша, АҚШ әскерилері Мәскеу ол ақпаратты өз пайдасына жаратуы мүмкін деп қауіптеніп, Ресеймен барлау мәліметтерін алмасуға және әуе шабуылдарын үйлестіруге қарсы болып отыр.

XS
SM
MD
LG