Accessibility links

Ақтөбе мектебінде полиция террорға қарсы жаттығу өткізді


Ақтөбедегі 9-мектеп-гимназияда өткен террорға қарсы жаттығу. 17 қыркүйек 2016 жыл.
Ақтөбедегі 9-мектеп-гимназияда өткен террорға қарсы жаттығу. 17 қыркүйек 2016 жыл.

Бүгін Ақтөбедегі Сазды полиция бөлімшесі жанында орналасқан 9-мектеп-гимназияда террорға қарсы жаттығу өтті.

Таңертеңгі сағат онның шамасында мектепте дабыл белгісі соғылып, оқушылар мен мұғалімдер жедел түрде ғимараттан эвакуацияланды. Мектеп маңайын үстіне оқтан қорғайтын кеудеше киіп, қару асынған полиция қызметкерлері қоршауға алды. Салқын күні жеңіл киімдерімен жедел түрде сыртқа шығарылған оқушылар мектеппен іргелес көшедегі тұрғын үйдің ауласында топтасып тұрды. Бастауыш сынып оқушыларын мұғалімдер сол маңдағы дүкендер мен подъездерге кіргізді.

– Бүгін терроризмге қарсы республикалық штаб Ақтөбедегі күштік құрылымдардың дайындығын тексеріп жатыр. Жаттығу басталғанша жеке құрам ол туралы білген жоқ, - деді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин Азаттыққа.

9-мектеп-гимназиядағы террорға қарсы жаттығу шамамен бір жарым сағатқа жуық уақыттан соң аяқталған соң оқушылар мен ұстаздар мектептеріне қайта оралды.

Биыл маусымның 5-і күні Ақтөбеде ондаған адам қару-жарақ сататын екі дүкенге шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан еді. Шабуыл мен атыстан барлығы жиырмадан аса адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Осы оқиғалар кезінде Қазақстан аумағында жарияланған террористік қауіп-қатердің «сары» (бірқалыпты) деңгейінің мерзімі кейін 2017 жылғы қаңтардың 15-іне дейін ұзартылған.

XS
SM
MD
LG