Accessibility links

Нью-Йорк мэрі: Челси ауданындағы жарылысты әлдекім ұйымдастырған


Нью-Йорк мэрі Билл де Блазио.

Нью-Йорк мэрі Билл де Блазио.

Нью-Йорк мэрі Билл де Блазио қаланың Челси ауданында сенбінің кешінде болған жарылыс әлдекімдердің жоспарлы түрде жасаған әрекеті, бірақ оны терроризммен байланыстыратындай айғақ-дәлелдер жоқ деп мәлімдеді. Бұл туралы пікірін мэр баспасөз мәслихатында айтқан.

Полиция жарылыс болған маңнан табылған тағы бір күдікті зат жарылғыш болуы мүмкін деп хабарлады.

Анықталған мәлімет бойынша, сенбідегі жарылыстан 26 адам зардап шеккен. Дәрігерлер олардың біреуі айтарлықтай жараланғанын, ал қалғандарының өміріне қауіп жоғын айтады.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, жарылғыш зат қоқыс салатын жәшікте болған. Оқиға куәгерлері қатты жарылыстан соң үрейленген адамдардың ол жерден қашқандарын айтады.

Бұның алдында сенбі күні Нью-Джерси штатындағы Сисайд-Парк қаласында қолдан жасалған бомба жарылғаны туралы ақпарат тараған. Ол жарылыстан ешкім зардап шекпеген.

Мэр Билл де Блазио Нью-Йорк пен Нью-Джерсидегі жарылыстардың бір-бірімен байланысы барына айғақ-дәлелдер жоғын айтқан.

XS
SM
MD
LG