Accessibility links

Атырау билігі митинг өткізуге тағы рұқсат бермеді


Азаматтық белсенді Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаматтық белсенді Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Атырау қаласы әкімдігі құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиеваның азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдау туралы митинг өткізуге рұқсат сұрап 17 қыркүйекте тапсырған арызына қолдау білдірмеді.

Атырау қаласы әкімі Серік Шәпкеновтің қолы қойылған, 19 қыркүйек күні қабылданған қаулыда тапсырылған арыздың «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингтер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңына сәйкес келмейтіні айтылған.

Құқық қорғаушы тапсырған арызында қамауда отырған Макс Боқаев пен Талғат Аянды және Атырау қаласында сәуірде өткен жер реформасына байланысты митингтен соң жауапқа тартылып жатқан басқа да азаматтық белсенділерді қолдау үшін 25 қыркүйекте 80 шақты адам қатысуы көзделген митингті өткізуге рұқсат сұраған. Митинг өтетін орын ретінде Атырау қалалық әкімдігі мәслихаты белгілеген Жеңіс бағы мен Құрманғазы мәдениет үйі маңындағы саябақ көрсетілген.

Атырау қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Полымбет Хасановтың Азаттыққа мәлімдеуінше, берілген арыз заң талаптарына сай емес.

"Бұл күні аталған орындарда ешқандай шара ұйымдастыру қарастырылмаған. Арыз беруші жұмыс орынын, мекенжайын, атын толық жазуы керек арызда. Осы мәселелер заңға сай болмағандықтан бас тартылды" деді Полымбет Хасанов.

Әсел Нұрғазиева 5 қыркүйекте тапсырған арызының күнін ғана өзгертіп, қайта тапсырғанын айтады. Ол бұған дейін 17 қыркүйекте азаматтық белсенділерді қолдау туралы митинг өткізуге рұқсат сұраған арыз тапсырған еді. Оған жауап берген жергілікті билік 13 қазанға дейін Жеңіс саябағы мен Құрманғазы атындағы мәдениет үйі маңында тазалық айлығы өткізілетіндіктен рұқсат берілмейтінін хабарлаған.

Атыраулық белсенділер митинг белгіленген күні Жеңіс саябағын жинауға барған еді. Бірақ саябақтың кіреберіс қақпасы темір шынжырмен бекітіліп, онда зиянкестерді дезинфекциялау жұмыстары жүргізілетіні туралы хабарлама ілулі тұрған.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "алауыздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

XS
SM
MD
LG