Accessibility links

Қазақстанның паралимпиада спортшылары елге оралды


Паралимпиада ойындарында алтын алған Зүлфия Ғабидуллина Астана әуежайында.
Паралимпиада ойындарында алтын алған Зүлфия Ғабидуллина Астана әуежайында.

Бүгін таңғы бестерде Астана әуежайына Рио-де-Жанейрода өткен XV Паралимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасы ұшып келді. Таң сыз берерде спортшыларды аймақтардан келген ондаған жанкүйер, спортшылардың туыстары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, спорт шенеуніктері мен Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қарсы алды. Әуежайдағы тәртіпті реттеп тұруға арнайы жасақ жауынгерлері тартылды. Ұлттық нақыштағы киім киген бойжеткендер VIP-кіреберістен кірген спортшыларға гүл сыйлап, шашу шашты.

- Енді Токиоға дайындаламыз. Өзімнің рекордымнан асуым керек, - дейді Параолимпиадада 100 метрлік қашықтыққа еркін әдіспен жүзуден рекорд жасап, алтын алған Зүлфия Ғабидуллина.

Сонымен бірге, жиырма бес жыл бойы спортпен айналысып келгенін айтқан Паралимпиада жеңімпазы алтын медалін ең алдымен бапкеріне арнайтынын білдірді.

- Күмісті алғаныма өте бақыттымын. Бұл жүлдемді елбасыма және қазақ еліме арнаймын. Елге жақсы жетістікке жетіп қайтқаныма өзімді бақытты санаймын, - дейді пауерлифтер Раушан Қойшыбаева.

Биыл 161 ел қатысқан Рио-де-Жанейродағы жазғы Паралимпиада ойындарына Қазақстаннан 11 спортшы барды. Бір алтын және бір күміс жүлде ұтқан Қазақстан құрамасы жалпы командалық көрсеткіш бойынша 58-ші орын алды.

XS
SM
MD
LG