Accessibility links

Матаев: бухгалтерлік құжаттармен орынбасарым айналысты


Сотта айыпталушы Сейітқазы Матаев пен ұлы Әсет Матаев.

Сотта айыпталушы Сейітқазы Матаев пен ұлы Әсет Матаев.

Бүгін Астанадағы №2 Есіл аудандық сотында Қазақстан журналистер одағы мен Қазақстан ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаевтың соты жалғасты. Сотта айыпталушы Матаев алғаш рет сөз алып, жауап берді.

- Қазақстан ұлттық баспасөз клубының базасында көптеген пресс турлар мен журналистерге арналған шаралар ұйымдастырдық. Клубтың бірнеше облыстағы филиалдарымен жұмыс істедік. Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп мемлекеттік сыртқы саясат туралы материалдар жарияладық. Мен өз басым осы шаралармен көп айналысып жүрдім. Ал менің орынбасарым Александр Кимасов (Қазақстан ұлттық баспасөз клубының президентінің орынбасары - ред) барлық бухгалтерлік құжаттар мен тендерлермен айналысты. Ол әр тиынды санап отырды. Бізді 143 миллион теңге ұрлады деген айып тағылып отыр. Бұл біз үшін өте ауыр. Егер біз қаржыны ұрласақ үй салып, қымбат көліктер сатып алар едік ғой. Ұлттық баспасөз клубында жеке көлік болмады. - деді ол.

Сейітқазы Матаевтың орынбасары болған Александр Кимасов 2015 жылы қыркүйекте Мәскеуде ауыр науқастан көз жұмған.

Сотқа қатысқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Матаев өз сөзінде прокуратураға бүкіл шығын туралы құжаттар мен есептерді ұсынғанымен қабылдамай қойғанын айтқан.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды.

XS
SM
MD
LG