Accessibility links

АҚШ Ресейден Алеппо аймағына әуе шабуылын доғаруын талап етті


Сириялық оппозиция бақылауындағы Алеппо аймағына жасалған кезекті әуе шабуылынан кейін. (Көрнекі сурет.)

Сириялық оппозиция бақылауындағы Алеппо аймағына жасалған кезекті әуе шабуылынан кейін. (Көрнекі сурет.)

АҚШ Сириядағы бейбіт диалогты жалғастырудың алғышарты ретінде Алеппо қаласы аймағына әуе соққысын біржолата тоқтатуды талап етеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бұл туралы бейсенбі күні Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясымен қатар өтіп жатқан Сирияны қолдау халықаралық тобының кездесуінде мәлімдеген.

«Бұл Сириядағы соғысты тоқтатып, террористерді талқандауды мақсат тұтатын Ресей үшін, Асад режимі үшін, оппозиция үшін және бәріміз үшін сындарлы шақ. Осының барлығына қол жеткізудің жалғыз амалы – Алеппо аймағында ұшақтары бар барлық тараптардың әскери іс-қимылдарды тоқтату және оны бір-екі күнге ғана емес, ниеттерінің шынайылығына баршаның көзі жетуі үшін белгісіз мерзімге дейін доғару туралы шешіміне тіреледі. Ондай кең көлемді қадам жасалмайынша болашағы жоқ құрғақ уәде, мәлімдеме немесе жоспардан еш мағына көре алмай тұрмын. Егер Мәскеу мен Дамаск ниетінің шынайылығын іспен танытса, біз де оппозицияны атысты тоқтату туралы алған міндеттемесін орындауға және «әл-Нусра» тобынан іргесін аулақ салуға көндіруге тырысамыз» деп мәлімдеген Керри.

Оның сөзінше, бір жағынан Ресей мен одақтастары, екінші жағынан сириялық оппозиция атысты тоқтату туралы келісім шарттарын орындауға әзірліктерін танытпайынша, бітім күткендегідей нәтиже бермейді. Яғни онсыз қоршаудағы елді мекендерге гуманитарлық жүктер жеткізу үшін жол ашу, немесе Сириядағы дағдарысты саяси реттеуге қатысты келіссөздерді қайта жалғастыру мүмкін емес дейді мемлекеттік хатшы.

XS
SM
MD
LG