Accessibility links

Ақтөбеде қару дүкенінің директоры сотталды


"Паллада" қару-жарақ директоры Артем Горлаев сотта тұр. Ақтөбе, 15 қыркүйек 2016 жыл.
"Паллада" қару-жарақ директоры Артем Горлаев сотта тұр. Ақтөбе, 15 қыркүйек 2016 жыл.

Бүгін Ақтөбе қалалық 2-сотының судьясы Ерлан Бақытжан «Паллада» қару-жарақ дүкенінің директоры Артем Горлаевты 1 жылға бас бостандығынан айырып, алдағы 2 жылда коммерциялық құрылымдарда жетекшілік қызмет атқаруына шектеу қоятын үкім шығарды. Артем Горлаев жазасын қоныс колониясында өтейді.

Артем Горлаев қыркүйектің 23-індегі соттағы соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындап, «Паллада» дүкеніне жасалған шабуылдан туыстары қаза тапқан азаматтардың "қайғысына ортақ екенін" айтты. Артем Горлаев 5 маусымда «Паллада» дүкенінде ауыр жарақат алған Ойландық Жәрменовпен келісімге келгенін, оның талаптарын орындайтынын мәлімдеді. Бұған дейінгі сот отырысында қару-жарақ дүкенінде соғылған дабыл бойынша тексеруге келіп, ауыр жарақат алған «Жедел күзет» қызметкері Ойландық Жәрменов моральдық шығын ретінде дүкен директоры Горлаевтан 5 миллион теңге талап еткен еді.

Кәсіпкер Артем Горлаев қылмыстық кодекстің 254 бабы ("Қаруды, оқ-дәрiнi, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш қондырғыларды күзету жөнiндегi мiндеттердi тиiсiнше атқармау") бойынша айыпталған.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың «радикалдық діни топ өкілдері» болғанын және олардың «шетелден нұсқау алғанын» мәлімдеген.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбедегі шабуылдан кейін – 12-30 тамыз аралығында Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында радикалдық үш топтың сезікті 21 өкілі ұсталғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG