Accessibility links

Джозеф Байден: Украина Донбасқа ерекше мәртебе беруге әзір


АҚШ вице-президенті Джозеф Байден.
АҚШ вице-президенті Джозеф Байден.

Украина билігі Минск келісімінде көрсетілген шарттарды орындауға асыруға, атап айтқанда, Донбастағы ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аймақтарға ерекше мәртебе беруге дайын. Бұл туралы Вашингтонда халықаралық қатынастар бойынша кеңесте АҚШ вице-президенті Джозеф Байден мәлімдеді деп хабарлады «Америка дауысы» радиосының Украин қызметі.

Байден ерекше мәртебе беру Украина үшін оңай тимейтін шешім екенін мәлімдеп, оны «егер АҚШ Мексиканың мүддесін ескеру үшін Техас штатына ерекше мәртебе бергендей деп елестету» деген салыстырма келтірген.

Вице-президенттің айтуынша, Ресей Минск келісімі бойынша өзіне тиесілі бір де бір бапты орындамай отыр.

Шығыс Украинадағы сепаратистер бақылауындағы аймақтарға «ерекше мәртебе» беру – Донбастағы қарулы жанжалды бейбіт реттеу үшін Германия, Франция, Украина және Ресей басшыларының қатысуымен жасалған Минск келісіміндегі шарттардың бірі.

Бұған дейін Украина Жоғарғы радасы ел конституциясына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған. Құжаттың жаңа нұсқасында Донецк және Луганск облыстарындағы жекелеген аудандарда жергілікті өзін-өзі басқарудың арнайы тәртібі туралы заң қабылдау көзделген. Киев бұл заң Шығыс Украинадан ресейлік әскерилер толық кетпейінше қолданысқа енбейтінін және Минск келісімін жүзеге асыруға Ресейдің іс-әрекеттері кедергі келтіріп отырғанын айтып келеді.

XS
SM
MD
LG