Accessibility links

Сапарбаевтың белсендіге қарсы шағымы бойынша сот басталды


Айдын Егеубаев, астаналық белсенді. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.
Айдын Егеубаев, астаналық белсенді. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Астананың Алматы аудандық сотында бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың астаналық белсенді Айдын Егеубаевтың үстінен түсірген шағымын қарау басталды. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, судья азаматтық процессуалдық кодекстің 19-бабына сүйеніп, журналистерді сот залынан шығарып жіберді. Бұдан соң жергілікті бір журналист дау шығарғандықтан судья журналистерді сотқа кіргізген. Бірақ Сапарбаевтың атынан сотқа келген өкілі Сағадат Әміре журналистердің суретке және видеоға түсіруіне, судья аудио жазба жасауға тыйым салды.

Сапарбаев шағымында Егеубаевты Youtube-та жариялаған видеосында ар-намысыма нұқсан келтірді деп айыптап, өзіне қатысты мәліметтерді терістеуін және моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге өндіріп беруді талап етеді.

Сотқа Айдын Егеубаевтың жақтастары, оппозицияшыл саясаткер Уәлихан Қайсар, белсенді Мақсат Ілиясұлы қатысып отыр.

Видеода Шығыс Қазақстан облысындағы "Батуа" компаниясы жайлы айтылады. Мақсат Ілиясұлының сөзіне қарағанда, бұл компанияның 45 пайызы қытайлық бір компанияға тиесілі. 2010 жылдары Сапарбаев облыс әкімі болып тұрған кезде компанияға жалға берілген 91 мың гектар жердің жартысынан көбін жекеменшікке беру туралы шешім шығарылған.

Мақсат Ілиясұлы судьядан Үржар ауданының бұрынғы әкімін, бұрынғы жер қатынастары бөлімінің бастығын, сол кездегі жер комиссиясының өкілдері - барлығы төрт адамды сотқа шақыруды сұрады. Белсендінің айтуына қарағанда, бұлар жерді жекеменшікке беру туралы құжатқа "Бердібек Сапарбаевтың бұйрығы бойынша қол қойған".

XS
SM
MD
LG