Accessibility links

Матаевтардың адвокаты: Күрес әлі жалғасады


Матаевтардың адвокаттары Андрей Петров пен Мадина Бакиева және қоғамдық қорғаушысы Жұмабике Жүнісова баспасөз жиынында. Астана, 28 қыркүйек 2016 жыл.
Матаевтардың адвокаттары Андрей Петров пен Мадина Бакиева және қоғамдық қорғаушысы Жұмабике Жүнісова баспасөз жиынында. Астана, 28 қыркүйек 2016 жыл.

«Қаржы жымқырды» және «салықтан жалтарды» деп айыпталған әкелі-балалы Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаевтың адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары Астанада баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз жиынында Сейітқазы Матаевтың жары әрі қоғамдық қорғаушысы Баян Рамазанова «заңмен жүрген» күйеуі мен баласына қатысты «сот шешімі өздері күткендей шықпаса, аппеляциялық шағым беретінін» айтты.

Ол Сейітқазы және Әсет Матаевтарға тағылған айыпты прокурорлар сотқа дейін негізсіз деп табатынына сенімді болған.

- Біздің адвокаттарымыз тәуелсіз аудиторлар қараған барлық қаржылық құжаттарды прокуратура мен сотқа ұсынды. Осы құжатта жұбайым мен баламның жазықсыз екенін дәлелдеуі керек еді. Өкінішке қарай, барлық айыптаулар күшінде қалды. Бірақ, біз әділ шешім шығады деген үмітімізді әлі де үзбейміз, - деді Рамазанова.

Ал, Матаевтар сотын басталғалы бері жазып жүрген оппозициялық «Дат» газетінің журналисі Жұмабике Жүнісова сот барасында айыптаушы тараптар шақырған сарапшылардың журналистикадан хабары жоғын хабарлады.

- Ақпарат комитетінің өкілінен 4 күн бойы жауап алды. Ол өзіне қойылған «газет бетінде қанша жол, неше шаршы сантиметр бар?» деген сұраққа жауап бере алмады. Судья ол адамды соттан шығарып жіберді. Оның орнына келесі отырысқа Ахметов деген келді. Ол да дәл сол сұрақтарға жауап бере алмады. Міне, дилетанттық қайда?! - деді Жүнісова.

Журналист Қазақстан журналистер қауымдастығына "саланы білмейтіндер төрелік ететкеніне" қынжылатынын жеткізді.

Ал, адвокат Мадина Бакиева алдағы уақытта Матаевтар меншігіндегі тәркіленуі мүмкін Астанадағы «Журналистер үйінде» кеңсе жалдап отырған журналистерге алаңдамау қажеттігін, күрес әлі де жүретінін ескертті.

«Қаржы жымқырды» және «Салықтан жалтарды» деген айыптар тағылған Қазақстан журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы және оның ұлы, КазТАГ ақпарат агенттігінің жетекшісі Әсет Матаевтарға қатысты сот үкімі 3-қазан күні оқылады.

XS
SM
MD
LG