Accessibility links

Бас прокуратура Матаевтың Нығматулинге қатысты сөзіне түсінік берді


Андрей Кравченко, бас прокурордың орынбасары.
Андрей Кравченко, бас прокурордың орынбасары.

Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың Нұрлан Нығматуллин мен Талғат Татубаев өздеріне "қысым жасады" деген мәлімдемесіне пікір білдірді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. «Қаржы жымқыру» және «салықтан жалтару» айыптарына іліккен әкелі-балалы Матаевтар соттағы соңғы сөздерінде өздеріне қысым жасалып жатқанын айтқан. Сейітқазы Матаев "Қазақстан журналистер одағы, ұлттық баспасөз клубы, ҚазТАГ ақпарат агенттігіне тексеру арқылы қысым жасаған адамдар» ретінде Нұрлан Нығматуллин мен Талғат Татубаевты да атаған еді.

Сейітқазы Матаевтың бұл мәлімдемесін жұмыс сапарымен Ақтөбеде жүрген Андрей Кравченко «қорғану тәсілі» деп бағалады.

- Матаев қана емес, кез келген адам сот алдына келгенде және оны қылмыс жасады деп айыптаған кезде қорғанудың түрлі тәсілдерін қолданады. Мен Матаевтың соңғы мәлімдемесін тап осылай қабылдадым. Бұл адамның ісін қазір сот қарап жатыр. Сондықтан бұл мәлімдеменің қылмыстық іске қаншалықты қатысы барын сот шешуі тиіс. Мүмкін осы мәлімдемеден соң қылмыстық іске қатысты қосымша іс-шаралар алынар, мүмкін қылмыстық іс қозғалар, ол жағын сот шешетін болады. Мен заңгер ретінде сотқа қысым жасалмауы керек деп санаймын - деді бас прокурордың орынбасары.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев биыл ақпанның 22-сінде ұсталған. Наурыздың 28-інде оның ұлы - ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған.

Бұл қамаулардың себебін түсіндірген антикоррупциялық қызмет«ҚазТАГ агенттігі мен ұлттық баспасөз клубының мемлекеттік саясатты ақпарат арқылы таратуға және басылымдарда материал басу үшін ақпараттандыру комитеті мен «Қазақтелеком» компаниясына бөлінген 300 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды» деп хабарлаған.

Әкелі-балалы Матаевтарға қатысты сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.

XS
SM
MD
LG