Accessibility links

Назарбаев Израиль елшілігінде Перестің қазасына орай көңіл айтты


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада Израиль елшілігіне барып, Израильдің бұрынғы президенті Шимон Перестің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев елшілікте Пересті еске алу құрметіне гүл қойып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Президент қазақстандықтар мен өз атынан Израиль халқына Перестің қазасына байланысты көңіл айтты.

"Біз бұрыннан достық қатынаста болдық. Шимон Перес бүкіл өмірін өз халқына арнаған аса көрнекті адам болды. Ол ұлы президент деп аталуға әбден лайық және оның есімі израильдіктер есінде мәңгіге қалады деп сенемін. Ол- әлемдік масштабтағы прогресшіл тұлға болды. Шимон Перестің Таяу Шығыс қақтығысын реттеуге қосқан үлесінің маңыздылығын қайта бағалау қиын" деген Назрбаев.

Қазақстан президенті Перестің бейбітшілікке қол жеткізіп, оны сақтаудағы қызметін әлемдік қауымдастық бағалағанын да айтқан.

Израильдің бұрынғы президенті әрі премьер-министрі Шимон Перес 28 қыркүйекте 92 жасында ауруханада көз жұмған.

1992 жылы Перес Израиль сыртқы істер министрі болып тұрғанында Палестинаны азат ету ұйымының жетекшісі Ясир Арафатпен құпия келіссөз жүргізген. Келіссөз нәтижесінде Ослода келісімге қол қойылған. Бұл жетістікке байланысты Арафатқа, Перес пен Израильдің сол кездегі премьер-министрі Ицхак Рабинге бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілген.

XS
SM
MD
LG