Accessibility links

Кеңқияқта тұрғын үйде болған жарылыстан екі адам зардап шеккен


Ақтөбе облысының картасы.

Ақтөбе облысының картасы.

Ақтөбе облысы Кеңқияқ кентінде жұма күні кешкісін екі қабатты тұрғын үйде болған жарылыс салдарынан екі адам зардап шеккен. Оқиға куәгері Ардақ Құбашеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, кешкі сағат онға қарай сырттан қатты дыбыс естіп үйінен шыққан ол көрші үйден көтеріліп жатқан түтінді көрген.

– Ол үйдің 2-қабатындағы пәтерді бір жас жігіт сатып алып, жөндеп жатқан. Үй иесі күндіз дәнекерлеушімен бірге пәтеріндегі газ құбырын жөндеп жүрген. Жарылыс салдарынан екеуі де күйіп қалған, - дейді Ардақ Құбашева.

Оқиға куәгерінің сөзінше, жарылыс болған пәтердің төбесі опырылып ортасына түскен. Балконы қираған. Сонымен бірге үйдің бірінші қабатындағы жергілікті кәсіпкердің қоймасы да өртеніп кеткен.

– Жарылыстан екінші қабаттағы екі пәтер, бірінші қабаттағы қойма бүлінді. Күйіп қалған азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Екеуі де ауруханадан жатудан бас тартты, - дейді Азаттыққа Кеңқияқ кентінің әкімі Еркін Жалмұқанов.

Әкім «пәтерге заңсыз жолмен газ тарту әрекетінің салдарынан газ жарылған болуы мүмкін» деген алдын ала болжам жасалғанын айтады. Оның сөзінше, қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Заңсыз жолмен газ тартпақ болған деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG