Accessibility links

Филиппин президенті өзін Гитлерге теңемеуді сұрады


Филиппин президенті Родриго Дутерте.

Филиппин президенті Родриго Дутерте.

Филиппин президенті Родриго Дутерте өзін Адольф Гитлермен салыстырмауды сұрайды. Бұл туралы мәлімдемені ол елдегі есірткі құмарлыққа қарсы күресте нацистік Германияда қолданылған әдістерге жүгінуге дайын екені жайлы айтқан сөзі қатты сынға қалған соң жасаған.

Президенттің өкілі Эрнесто Абелланың сөзінше, Холокост кезіндегі миллиондаған еврейді қырып-жоюды есірткі саудагерлерін өлімге кесуге әзірлікпен салыстыруға болмайды. Филиппин еврей халқының қасіретіне мән береді деп айтқан ол.

Жұма күні президент Дутерте Гитлер қанша еврейді қырғынға ұшыратса, есірткіге тәуелді соншама жанды өлтіруге уәде берген еді. Оның бұл мәлімдемесін БҰҰ, Германия сыртқы істер министрлігі және АҚШ мемлекеттік департаменті айыптаған. Дутертенің бағдарламасында Филлипиндегі есірткі мафиясына қарсы күреске басты маңыз берілген. Соңғы бірнеше айдың көлемінде елде есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен 3 мыңнан астам адам өлтірілген.

XS
SM
MD
LG