Accessibility links

Венгрияда мигрант қабылдауға қатысты референдум өтіп жатыр


Венгрия полициясы Сербиямен шекарада сириялық босқынды ұстап жатыр. 28 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Венгрия полициясы Сербиямен шекарада сириялық босқынды ұстап жатыр. 28 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Венгрияда бүгін елге мигранттар қабылдау мәселесі жөнінде референдум өтіп жатыр. Ел азаматтары Венгрия Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерінен келген босқындарды Еуропа Одағының квотасы бойынша қабылдауы тиіс пе деген сауалға жауап береді. Таңертең басталған дауыс беру жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат жетіге дейін жалғасады.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, венгрлердің көпшілігі Брюссельдің квота жүйесі бойынша босқын қабылдауға қарсы. Босқындарды қабылдауды жақтайтындар саны тұрғындардың екі пайызынан аспайды. Консультативтік сипаттағы бұл референдум Венгрияның Еуропа Одағы алдында алған міндеттемелерінің күшін жоя алмайды, бірақ Будапешт осыны алға тартып, бірлестіктің басты құжаты – Лиссабон келісіміне өзгеріс енгізуді талап ете алады.

Былтыр миграциялық дағдарыс басталған кезде Еурокомиссия босқындарды Еуропа Одағы елдеріне бөліп қоныстандыруды ұсынған. Венгрия 1300-ге жуық босқын қабылдауы тиіс еді. Ел үкіметі квота жүйесіне қарсылық білдіріп, бұл мәселені халықтың талқысына салу үшін референдумге шығаратынын жариялаған.

XS
SM
MD
LG