Accessibility links

Кундузда "Талибан" жасақтары мен үкімет әскері шайқасып жатыр


Кундуздағы ауған әскерилері. Ауғанстан, 27 қыркүйек 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Кундуздағы ауған әскерилері. Ауғанстан, 27 қыркүйек 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Ауғанстан солтүстігіндегі Кундуз қаласына "Талибан" жасақтары шабуыл жасап, ондағы үкімет әскерімен соғысып жатыр. Кундуздағы Тандар полиция аймағының командирі Шер Әли Камал шабуыл 3 қазанға қараған түні басталып, содырлар қалаға бірнеше жағынан кіргенін, қазір ұрыс жүріп жатқанын хабарлады. "Біз бар күшімізді содырларды кері шегіндіріп тастауға жұмылдырып жатырмыз" деді Камал.

France Press агенттігінің тілшісі де "Талибан" жасақтары мен үкімет күштері арасында кескілескен ұрыс жүріп жатқанын" хабарлады.

Reuters тілшісі қалада "Калашников" автоматы, пулемет, гранатометпен қаруланған "Талибан" жасақтарын көргенін хабарлады. Қала үстінен Ауғанстан армиясының екі әскери тікұшағы ұшып жүргені байқалады.

"Талибан" жасақтары Кундузды бір жыл бұрын да басып алып, бір аптадай уақыт қана ұстап тұрған. БҰҰ мәліметіне қарағанда, ол кезде 289 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Содан бері "Талибан" Кундузға бірнеше рет шабуылдап, биыл сәуірде қаланы басып алу қаупін тудырған.

"Талибан" мұның алдында Ауғанстанның бірнеше аймағында, оның ішінде оңтүстігіндегі Гильменд уәлаяты мен оның орталығы Лашкаргах қаласына шабуылдаған.

XS
SM
MD
LG