Accessibility links

Павлодарда әйел мен кішкентай қыз жолдағы шұңқырға түсіп кетті


Әйел мен кішкентай қыз түсіп кеткен, асфальт пен топырақтың кенеттен опырылуынан пайда болған шұңқыр. Павлодар, 3 қазан 2016 жыл.
Әйел мен кішкентай қыз түсіп кеткен, асфальт пен топырақтың кенеттен опырылуынан пайда болған шұңқыр. Павлодар, 3 қазан 2016 жыл.

Павлодарда бүгін 58 жастағы әйел 4 жастағы немересімен бірге асфальт пен топырақтың кенеттен опырылып кетуінен пайда болған шұңқырға түсіп кетті. Оқиға түске дейін сағат 11 шамасында жолаушылар жүретін жолда болған. Қала тұрғыны немересімен бірге жолаушылар жолымен жүріп келе жатқанда аяқ астындағы асфальт пен топырақ опырылып кеткен. Зардап шеккен екеуін жедел ауруханаға жеткізген.

- Кішкентай қызда бас сүйек-миы зақымданған белгілері бар. Жағдайы орташа ауыр. Оған барлық қажетті көмек жасалды. Меніңше, оның жағдайының жақсаруына шамамен бір апта уақыт керек, - деді Азаттыққа Павлодар облыстық ауруханасының травматолог дәрігері Бақытбек Текиманов.

Алдын ала болжамға қарағанда, асфальттің опырылуына "Водоканал" коммуналдық мекемесінің коллекторындағы апат себеп болуы мүмкін. Қазір опырылған орын қоршалып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайға не себеп болуына қатысты ресми ақпарат кейінірек жарияланбақ.

Куәгерлердің айтуына қарағанда, бұл аумақта мұндай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ. Жергілікті тұрғындар өткен жылы да жолдың осы бөлігінде шұңқырға ер адамның түсіп кеткенін айтады.

XS
SM
MD
LG