Accessibility links

"Жалған терроризм" айыбы тағылған мұғалім 2 жылға сотталды


Юрий Пак соты өтіп жатқан сот ғимараты алдында тұрған оқушылар. Қарағанды, 3 қазан 2016 жыл.

Юрий Пак соты өтіп жатқан сот ғимараты алдында тұрған оқушылар. Қарағанды, 3 қазан 2016 жыл.

Қарағандыда бүгін "терроризм актісі жасалатыны туралы көпе-көрінеу жалған ақпар берді" деп айыпталған физика пәнінің мұғалімі Юрий Пактің ісіне қатысты сот үкімі шықты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Пакке жалпы режимдегі екі жыл түрмеде отыру жазасын кесті. Оны сот залынан күзетпен алып кетті.

Юрий Пакті қолдауға бүгін сотқа ондаған адам, оның ішінде оқушылары да келді. Бірақ сот залы шағын деп, келгендердің азын ғана кіргізді.

Қыркүйектің соңында өткен жарыссөзде прокурор Пакті төрт жылға соттауды сұраған.

Кеше сотта Пактің адвокаты жарылғыш зат туралы мұғалімнің телефонынан емес, Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің телефонынан хабарланғанын мәлімдеген. Ол осы себепті сотқа "Қазақтелеком" компаниясының өкілін шақыртуды және сараптама жүргізуді сұраған. Судья Әлия Жошева бұл өтінішті қабылдамай тастаған. Адвокат сонымен қатар телефон қоңырауы бар болғаны алты секунд болғанын, ал сөйлесу жазбасы 2 минут 41 секундты құрағанын "көзге көрініп тұрған қарама-қайшылық" деп атаған.

"Жалған терроризм" бабы бойынша айыпталған Юрий Пактің ісі қоғамның назарына іліккен. Мұғалім бір жылдан астам уақыт полицияға қоңырау шалған өзі емес екенін дәлелдемек болған. Тергеу мәліметтері бойынша, Юрий Пак 2015 жылы полицияға қоңырау шалып, Орталық әмбебап дүкенге бомба қойғысы келетіні туралы хабарлаған. Тергеушілер сол күні ғимараттан үш мың адам эвакуацияланған дейді.

Юрий Пак тергеу басталғалы бері және сотта мектептегі кабинетте аз уақытқа қалып кеткен сөмкесіндегі телефонын әлдебіреу "бұзып", қашықтан қоңырау шалған болуы мүмкін деп, айыпты терістеп келген. Оның бұл ұйғарымын куәгерлер де растап, мұғалімнің ол уақытта кабинетте жұмыс орнында болғанын айтады. Ал сотта жарияланған аудио жазбада қоңырау шалған ер адам ар жақтан естілген шуға қарағанда, сөйлесіп тұрған кезде көшеде тұрған болуы мүмкін.

Бұған дейін жәбірленуші тараптар - Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен ішкі істер департаменті, жедел жәрдем станциясы сотқа өздері тартқан 55 мың теңге материалдық шығынды өтеу туралы шағымданған. Бүгін сот олардың шағымын қанағанттандыру туралы шешім шығарды.

Сауда үйінің басшылығы шағымданбады.

XS
SM
MD
LG