Accessibility links

"Бұрғылау" жұмысшылары талабы орындалмаса аштық жариялайтынын ескертті


"Бұрғылау" кәсіпорынының бас акционері "Казпетродриллинг" президенті Рахмет Хайруллаев (сол жақта бірінші) прокурорлармен және жұмысшылар өкілдерімен кездескеннен соңғы жиын хаттамасын оқып тұр. Жаңаөзен, 3 қазан 2016 жыл.

"Бұрғылау" кәсіпорынының бас акционері "Казпетродриллинг" президенті Рахмет Хайруллаев (сол жақта бірінші) прокурорлармен және жұмысшылар өкілдерімен кездескеннен соңғы жиын хаттамасын оқып тұр. Жаңаөзен, 3 қазан 2016 жыл.

Жаңаөзендегі «Бұрғылау» кәсіпорыны жұмысшыларының кәсіподаққа қысымды тоқтату, жалақыны көтеру және жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен наразылығы жалғасып жатыр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, талаптары орындалмаған жағдайда аштық жариялайтындарын мәлімдеген 150 жұмысшы қала әкімдігіне арыз тапсырды.

«Бұрғылау» жұмысшысы Бекарыс Төлесинов жұмысшылардың аштық жариялайтындары туралы арыздарын Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбіловтың атына жолдағандарын айтты.

- Талап орындалмаса, 14 қазаннан бастап осы автобекет алдында аштық жариялайтынымызды мәлімдеп, арыз түсірдік, - деді ол Азаттыққа.

Жаңаөзенде ереуілдеп тұрған «Бұрғылау» кәсіпорыны жұмысшыларымен кездесуге қазанның 3-і күні облыс прокурорының орынбасары Ержан Бердібеков пен Маңғыстау облысы еңбек басқармасының өкілі Мерей Мәжитов келді. Жұмыс беруші мен жұмысшылардың өкілдері қатысқан жиын кешкі сағат 8-ге дейін созылды. Қабылданған шешімді ортаға шығып оқыған «Бұрғылаудың» бас акционері - «Казпетродириллинг» компаниясының президенті Рахмет Хайруллаев бірыңғай жалақы жүйесінің айырмашылығын есептеуге уәде берді.

- Біз бухгалтериямызды сіздердің өкілдеріңізге көрсетейік. "Қазмұнайгазға" ұсыныс жасадық, егер олар бізге тарифті көтерсе, біз шешеміз, - деді Рахмет Хайруллаев.

Оның сөзіне қарағанда, толық жұмыс күні жасалағанымен қысқартылып тасталған жұмыс сағаттары қайта есептеледі, бонус деп аталатын 13-жалақы 2016 жыл үшін 2017 жылдың науырызында төленеді, қысқарған еңбек демалысы қалпына келтіріледі.

- Жұмысшылардың шегендеу цехындағы 2014 жылдан бастап төленбей қалған сағаттарға қатысты арызы бар екен. Оны еңбек басқармасымен бірлесе зерттеп төлейміз, - деді бас акционер.

Жаңаөзендегі "Бұрғылау" кәсіпорны жұмысшыларының наразылығы

Хайруллаев жұмысшылардың кәсіподақ төрағасына тағылған жалған айыпты алып тастау, кәсіподаққа қысым жасауды тоқтату, оның есеп шоты мен кәсіподақ кабинетін ашу туралы талаптарын облыс прокурорына білдіру қажетін айтты.

- Облыс прокурорына арыз жазуды ұсынамын. Сотқа тартылған бес жұмысшыға қатысты облыстық сотқа апелляциялық шағым беру керек, -деді Рахмет Хайруллаев.

Бұған наразылық білдірген жұмысшылар жауапқа қанағаттанбайтындарын айтты.

"Біздің басты талабымыз - кәсіподақ төрағасы Сәдуақас Беккалиевті қудалауды тоқтату. Оны жұмыс берушінің талабы бойынша қудалап отыр. Біз осыны дереу тоқтатуды талап етеміз!" деп мәлімдеген жұмысшылар наразылықтарын тоқтатпайтындарын айтты.

Бұрғылау» кәсіпорыны басшылығы жұмысшылар ереуілінің лидері ретінде Сәдуақас Беккқалиев, Төребек Жолдыбаев, Бауыржан Қуанышев, Ақылбек Нұрлыбаев, Ержан Құлатаевқа қатысты жұмысшылар ереуілін заңсыз деп тануды сұрап қазанның 1- і күні Жаңаөзен қалалық сотына арыз түсірген. Жұмыс беруші арызын қанағаттандырған Жаңаөзен қалалық сотының судьясы М.Жұмаева жұмысшылардың 30 және 1 қазан күні өткізген ереуілдерін заңсыз деп тану туралы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG