Accessibility links

Тараз соты БҰҰ-ның Есіргеповке қатысты шешімін қабылдамады


Рамазан Есіргепов Жамбыл облыстық сотының алдында. Тараз, 5 қазан 2016 жыл.

Рамазан Есіргепов Жамбыл облыстық сотының алдында. Тараз, 5 қазан 2016 жыл.

Тараздағы Жамбыл облыстық қылмыстық істер бойынша сотында алматылық журналист, азаматтық белсенді Рамазан Есіргеповтің өзіне қатысты жеті жыл бұрын шыққан айыптау үкіміне берген шағымын қарауды аяқтады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Есіргепов даулы бап бойынша үш жыл түрмеде отырған. Сот БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті берген мемлекет Есіргеповтің әділ сотқа тартылу құқығы бұзылды деп тапқан соң берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартты. Есіргепов облыстық сот шешімі үстінен Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірмек ниетте.

Рамазан Есіргепов бүгін облыстық сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммед Абидовке және сот алқасының өзге екі судьясына, прокурор мен сот тағайындаған адвокатқа қарсылық білдірді. Сот оның тек адвокатқа берген қарсылығын қанағаттандырған соң адвокаттың қатысуынсыз өтті.

Тәуелсіз "Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы болған Рамазан Есіргепов 2009 жылы 8 тамызда Тараз қалалық сотының үкімімен "мемлекеттік құпияны жариялады" деген айыппен үш жылға сотталған еді. Есіргепов өзіне тағылған айыпты мойындамай, кәсіби қызметімен ғана айналысқанын, өзін "саяси мақсатпен ғана" соттап жатқанын айтқан.

Есіргеповтің Қазақстанның жоғары сот инстанцияларына жазған шағымдары қанағаттандырылмаған. Бұдан соң Есіргепов БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетіне шағымданып, комитет биыл наурызда оған қатысты оң шешім шығарған. Шешімде журналист Есіргеповтің әділ сотқа тартылу құқығы бұзылғаны айтылады. Есіргепов шағымында БҰҰ комитетінің шешімін негізге алған.

Есіргепов өзіне кесілген жаза мерзімін толық өтеген. Журналист түрмеде отырған кезде Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы оған Хеллман - Хаммет сыйлығын берген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG