Accessibility links

Министрлік: Қазақстанда мектептегі медицина мәселесі өзекті болып тұр


Қазақстан педиатрларының 8-съезінде көрсетіліп жатқан инфографика. Алматы, 6 қазан 2016 жыл.

Қазақстан педиатрларының 8-съезінде көрсетіліп жатқан инфографика. Алматы, 6 қазан 2016 жыл.

Қазақстандағы педиатрия саласында мектептегі медицина мәселесі өзекті болып тұр деп мәлімдеді денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі фармацевтика және медициналық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қуанышбекова. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Қуанышбекова бұл туралы бүгін Алматыда басталған Қазақстан педиатрларының 8-съезінде айтты.

- Бүгін пленарлық отырыста мектеп медицинасы мәселесі талқыланды. Бұл - өте өзекті мәселе. Себебі қазір бізде жасөспірім қыздардың 30 пайыздан астамында репродуктивтік қызметі бұзылған. Жасөспірім ұлдардың 20 пайыздан астамы денсаулық жағдайына байланысты әскер қатарына алынбайды. Себебі мұның барлығына урбанизация, балаларымыздың өмір сүру салтының өзгеруі белгілі бір деңгейде әсер етіп отыр, - деді Қуанышбекова.

Азаттық тілшісі Қуанышбековадан "Қазақстанда педиатрлық қызметі қайта қалпына келтіріле ма?" деп сұраған. Министрлік өкілі Қазақстанда қазір педиатрия қызметі барын, педиатрларды дайындау құрылымы өзгергенін айтты.

- Бізде педиатрлар бар, олар поликлиникаларда қабылдап жатыр. Қазір денсаулық сақтау министрлігінде жұмысшы тобы құрылып, педиатрлық қызметі талқыланып жатыр. Бәлкім, оларды дайындау құрылымы біршама өзгерген шығар, бірақ бізде педиатрия қызметі бар, - деді Қуанышбекова.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, "Қазақстанның педиатрлар одағы" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған съезге аймақтардағы балалар дәрігерлері, Қазақстан мен Ресейдің және ТМД елдерінің ғалымдары, мамандар қатысып жатыр.

Съезде педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелер, балалар мен жасөспірімдер арасындағы ауру-сырқаттардың алдын алу, диагноз қою және емдеу, мектептердегі дәрігерлердің біліктілігін арттыру жайы талқыланып жатыр.

Педиатрлар съезі ертең де жалғасады.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG