Accessibility links

АҚШ елшілігі Астананы сөз бостандығын қорғауға шақырды


Сейітқазы Матаев (сол жақта) пен оның ұлы Әсет Матаев (оң жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 3 қазан 2016 жыл.

Сейітқазы Матаев (сол жақта) пен оның ұлы Әсет Матаев (оң жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 3 қазан 2016 жыл.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-қа қатысты шараларға және оның сөз бостандығына тигізетін салдарына, әсіресе әкелі-балалы Сейтқазы және Әсет Матаевтарға шыққан сот үкіміне алаңдайтынын білдірді. Елшілік бұл туралы таратқан мәлімдемесінде Қазақстан үкіметін барлық азаматтың ой-пікір еркіндігін білдіру құқығы мен заңды тұрғыдан қорғану құқығын құрметтеуге шақырады.

3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен 6 жылға соттаған. Ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға сотталған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылды.

"Оларға шыққан сот үкімі және оған дейінгі сот тыңдаулары бұл істі тергеудің заңда қарастырылған тәртіпті сақтап, шынайы түрде жүргізілгеніне қатысты маңызды сұрақтарды тудырды" делінген елшіліктің баспасөз хатшысы Рен Эльхайдың мәлімдемесінде.

"Тәуелсіз және баламалы ақпарат көздеріне қол жетімділік - кез-келген демократияның негізі. Біз халықаралық қауымдастықтың Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-қа салған шектеуіне қатысты алаңдаушылығына қосыламыз" делінген мәлімдемеде.

XS
SM
MD
LG