Accessibility links

"Нұр Отанның" Орал тұрғынына қарсы шағымын қарау кейінге қалды


"Нұр Отан" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының бас кеңсесінде ілініп тұрған картина, Орал (Көрнекі сурет).
"Нұр Отан" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының бас кеңсесінде ілініп тұрған картина, Орал (Көрнекі сурет).

Оралдың азаматтық істер жөніндегі сотында бүгін "Нұр Отан" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының қала тұрғыны Мирлан Жұмағалиевтен 600 мың теңге шығын өндіріп беру туралы шағымын қарау кейінге қалдырылды. Партия филиалы төрағасының орынбасары Серік Сүлеймен шағымды жол-көлік оқиғасына ұшыраған көлігін жөндету үшін берген.

Серік Сүлеймен мен Мирлан Жұмағалиевтің көліктері Оралда биыл 5 шілдеде соқтығысқан.

Сот апатқа Мирлан Жұмағалиевті кінәлі деп тауып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш (21210 теңге) айыппұл салған. Жұмағалиевтің сөзінше, ол жеңіл көлігі партия көлігімен соқтығысқанда көше қиылысында бағдаршамның жасыл жарығынан өтіп бара жатқан. Партия көлігін партия филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанованың ұлы Данияр Құлжанов жүргізіп келе жатқан. Сотта облыстық жастар саясаты басқармасының жетекшісі міндетін атқарушы Данияр Құлжанов жол апаты кезінде жолда жүру ережесін бұзбағанын айтқан.

Бүгінге белгіленген сот отырысы жауапкер жақтың өтінішімен, істе жаңа жағдаяттар анықталғанына байланысты кейінге қалдырылды. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық басқарма Данияр Құлжановтың бастығысының атына оны "Мемлекеттік қызмет туралы" заңның 13-бабының 1-тармағы бойынша тәртіптік жауапқа тартуды сұрап хат жазған. Ол бап бойынша, мемлекеттік қызметкердің педагогикалық, ғылыми және басқа да шығармашылық жұмыстардан өзге ақы төленетін қызметпен айналысу құқығы жоқ. Сонымен қатар, хатта Құлжановтың мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексінің 7-тармағын бұзғаны да айтылады. Ол бойынша, "мемлекеттік қызметкер қызметінен тыс уақытта жалпыға бірдей моральдық-этикалық нормаларды сақтап, қоғамдық тәртіпке қарсы әрекетке жол бермеуі тиіс".

Келесі сот отырысы 11 қазанға белгіленген.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG