Accessibility links

«Тәжік-ауған соғысына қатысқандар» Украина мен Таулы Қарабаққа сұранды


"Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен қақтығыстарға қатысқандардың ардагерлер одағы" ұйымының жетекшісі Мұрат Мұхамеджанов Астанадағы жиындардың бірінде тұр.

"Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен қақтығыстарға қатысқандардың ардагерлер одағы" ұйымының жетекшісі Мұрат Мұхамеджанов Астанадағы жиындардың бірінде тұр.

«Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен қақтығыстарға қатысқандардың ардагерлер одағы» Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан өздеріне «соғыс ардагері» статусын беруді сұрағандарын хабарлады. Бұл жайлы ұйым басшысы Мұрат Мұхамеджанов мәлімдеді.

Ол Ресей мен Тәжікстан 1992-2001 жылдарда болған сол қарулы қақтығысқа қатысқан жауынгерлерін «соғыс ардагері» деп танығанын, оларды марапаттап, түрлі әлеуметтік-медициналық көмектер мен жәрдемақы беретінін айтады.

«Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар мен қақтығыстарға қатысқандардың ардагерлер одағы» атынан ел президентіне хат жолдаушылар «Қазақстанда әскер саласында діни басқарма құру қажет» деген ұсыныс та айтқан.

Ұйым атынан президент Назарбаевқа жолданған хаттағы енді бір бастама – «ардагерлерді бітімгершілік күштері қатарында Украина мен Таулы Қарабаққа жөнелту» жайы.

Бұл ұйым былтыр қарашада да осыған ұқсас бастама көтерген. Мұрат Мұхамеджанов ол кезде «Орталық Азиядағы бес елге ортақ бітімгершілік күшін құрайық, оған Назарбаевтың атын берейік» деген. Ұйым өкілдері ол ұсынысқа байланысты «Бітімгершілік бригадасы бар, басқа қарулы топ болмауы керек» деген жауап алғандарын айтады.

1992-2001 жылдары Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында 8 мыңнан астам қазақстандық сарбаз әскери борышын өтеп, оның 37-сі қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG