Accessibility links

«Трибунаның» апелляциялық шағымы қарала бастады


"Трибуна" газетінің бас редакторы Жанболат Мамай. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.
"Трибуна" газетінің бас редакторы Жанболат Мамай. Алматы, 12 шілде 2016 жыл.

Қазанның 6-сы күні Алматы қалалық апелляциялық соты «Трибуна» («Трибуна. Саяси қалам») газеті мен осы газетте биыл сәуір айында жарияланған «Алматы жарнаманы» жемқор басқара ма» деп аталатын мақаланың авторы Денис Кривошеевтің шағымын қарады.

Шағымда «Алматы жарнама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сұлтанбек Сыздықовтың «бұл мақала ар-намысыма тиді» деген талап-арызы бойынша газетке 5 миллион теңге айыппұл салған Медеу аудандық сотының шешімін заңсыз деп тану туралы айтылған.

Алматы қалалық апелляциялық сотының үш судьясының қатысуымен өткен сот процесіне «Алматы жарнама» директоры Сұлтанбек Сыздықовтың адвокаты, «Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай және журналист Денис Кривошеев қатысты. Сот залына 30-ға жуық азаматтық белсенді де кірді.

Сот процесінде Сұлтанбек Сыздықовтың адвокаты «Медеу аудандық сотында өзі қорғап отырған азаматтың ар-намысына нұқсан келгені дәлелденгенін, сондықтан бұрынғы ұстанымдарынан қайтпайтынын» айтты.

«Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай даулы мақалада жарық көрген деректерге ұқсас мәліметтер 2011 жылы Алматыда Қысқы Азия ойындары өткеннен кейін бірнеше мемлекеттік басылымдарда жарияланғанын, мақалада «Сұлтанбек Сыздықов жемқор деп тура айыпталмағанын» айтты. Ол сот төрағасынан мақалаға филологиялық сараптама жасатуды, Қысқы Азия ойындары кезінде жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталған Сұлтанбек Сыздықовты және оны «Алматы жарнама» басшылығына тағайындаған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті сотқа шақыруды сұрады.

Алайда журналист Денис Кривошеев «Алматы қаласының әкімін шақырып уақыт созбай-ақ шешім шығаруға болатынын» айтты. Ол Сұлтанбек Сыздықовтан іс сотқа бармай тұрғанда-ақ «Трибуна» газетінің бетінде кейбір расталмаған деректер үшін ішінара кешірім сұралғанын» хабарлады.

Екі тарапты тыңдап болған судья мақалаға сот-филологиялық сараптама жасау жөнінде ұсынысты қабылдап, өзгесін кері қайтарды. Сөйтіп апелляциялық соттың отырысы қазанның 20-сына қалды.

«Трибуна» газетінде биыл сәуір айында жарияланған мақалада 2011 жылы Қазақстанда өткен Қысқы Азия ойындарын ұйымдастырушы – «2011 жылы қысқы Азия ойындары дирекциясының» директоры Сұлтанбек Сыздықовтың үстіне 2013 жылы қаңтарда қылмыстық іс қозғалып, бюджеттің 23 миллион теңгесін жымқырды деп айыпталғаны, бірақ қылмыстық істің бір жылдан кейін тоқтатылғаны» жайында айтылған.

XS
SM
MD
LG