Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылға күдіктілердің ісін ауданаралық сот қарайды


Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нұрлан Сұлтанов. Ақтөбе, 6 қазан 2016 жыл.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нұрлан Сұлтанов. Ақтөбе, 6 қазан 2016 жыл.

Ақтөбеде 5 маусымда болған қарулы шабуылға орай айыпталған күдіктілердің ісін облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарайтын болды. Сот төрағасы Нұрлан Сұлтанов «қоғамдық резонанс тудырған іс қаралар алдында сот залдарының біріне іргесіндегі бөлме қосылып, кеңейтілгенін» айтады.

Оның сөзінше, Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құны 1 миллион 500 мың теңге болатын әртүрлі техникалық құрылғылар сатып алған. Заманауи құрылғылар сот процесін басынан аяғына дейін аудио және видео таспаға түсіріп, қажет жағдайда екінші залда отырғандар үшін трансляция жасауға мүмкіндік береді.

– Мемлекет мүддесіне қайшы тұстары болған жағдайда қылмыстық іс жабық түрде қаралуы да мүмкін. Ондай жағдайда журналистер алдын ала сот тыңдауы мен үкім шығарылар сәтте ғана сот залына жіберіледі. Бірақ әзірше іс сотқа түскен жоқ. Сондықтан үзілді-кесілді ештеңе айта алмаймыз, – деді Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотының төрағасы Нұрлан Сұлтанов.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың «радикалдық діни топ өкілдері» болғанын және олардың «шетелден нұсқау алғанын» мәлімдеген.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбедегі шабуылдан кейін – 12-30 тамыз аралығында Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында радикалдық үш топтың сезікті 21 өкілі ұсталғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG