Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылға күдіктілер тергеліп болды


Шабуылдан кейін қала көшесінде жүрген әскери көлік. Ақтөбе, 7 маусым 2016 жыл.
Шабуылдан кейін қала көшесінде жүрген әскери көлік. Ақтөбе, 7 маусым 2016 жыл.

Ақтөбедегі 5 маусым күнгі қарулы шабуылға байланысты айыпталған азаматтар тергеліп болды деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Прокуратура дерегінше, 29 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылып, оның 28-і қамауға алынған. Ол азаматтардың 9-ы «терактіге тікелей қатысқан», 18-і – «дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламаған», екеуі «қылмыскерлерді жасырған» деп айыпталған.

Прокуратураның мәліметінше, "айыпталушылар тергеу кезінде өз кінәларын толық мойындаған". Тергеу кезінде 215 сараптама жүргізілген.

Күдікті азаматтарға қылмыстық кодекстің 99 (кісі өлтіру), 192 (қарақшылық), 255 (терроризм актісі), 257 (террористік топ құру, басшылық ету және оның әрекетіне қатысу) және өзге де баптары бойынша айыптар тағылған.

Қарулы шабуыл кезінде көзі жойылған 18 күдіктіге қатысты іс қысқартылған.

Қылмыстық іс сотқа 7 қазан күні берілген. 29 адамға қатысты істі Ақтөбе облысының қылмыстық істер бойынша мамандандандырылған ауданаралық соты қарайды.

Бұл іс бойынша 101 адам жәбірленуші ретінде танылған.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың «радикалдық діни топ өкілдері» болғанын және олардың «шетелден нұсқау алғанын» мәлімдеген.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбедегі шабуылдан кейін – 12-30 тамыз аралығында Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында радикалдық үш топтың сезікті 21 өкілі ұсталғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG