Accessibility links

WikiLeaks Хиллари Клинтонның Уолл-стриттегі сөздерін жариялады


Хиллари Клинтон Флоридада сайлаушылармен кездесіп тұр.

Хиллари Клинтон Флоридада сайлаушылармен кездесіп тұр.

Жұма күні WikiLeaks сайты Хиллари Клинтонның президенттік науқан басталмай тұрғанда қаржыгерлер мен АҚШ-тағы іскер топтар өкілдері алдында ақысы төленген сөздерінен үзінділер келтірілген бірнеше мың электронды хабарламаларды жариялады.

Хиллари Клинтонның сайлауалды штабының басшысы Джон Подестаның компьютерінен ұрланған хаттарда «ашық сауда және ашық шекараны» қолдайтын Клинтонның Американың қаржы саласын қалай реформалау қажеттігін басқалардан гөрі қаржы компаниялары жетекшілігі жақсы біледі деген сөзі жазылған. 2013 жылы Бразилия банктерінің бірінде сөйлеген сөзінде Хиллари Клинтон жер шарының батыс бөлігінде шекарасы ашық бірыңғай еркін нарық құруды армандайтынын айтқан. Goldman Sachs инвестициялық банкі ұйымдастырған шаралардың бірінде Клинтон АҚШ-тағы екі партияның президенттікке кандидаттарына өте қымбаттап кеткен сайлау науқанын жүргізу үшін Уолл-стриттің қаржылай қолдауы қажет деп мәлімдеген.

Хиллари Клинтонның жария болып отырған сөздерінің қазіргі демократтар партиясынан президенттік сайлауға түсіп жатқан кандидаттың ұстанымына қайшы келетін тұстары да бар. Саяси бәсекелестерінің табанды талаптарына қарамастан Клинтон сөйлеген сөзінің мәтінін жариялаудан бас тартып келген. Оның жақтастары деректердің жариялануын өздері Дональд Трамптың мүддесіне қызмет етеді деп санайтын ресейлік хакерлерден көреді. Джон Подеста «сайлауды Дональд Трамптың пайдасына шешуге тырысып жатқан ресейлік хакерлердің нысанасына айналғаны» қуанышты емес екенін мәлімдеген. Ол сонымен бірге даулы құжаттардың қолдан жасалмағанына көз жеткізуге мүмкіндігі болмағанын айтқан.

XS
SM
MD
LG