Accessibility links

Ресей жоғарғы соты Шешенстанда судьяның соққыға жығылғанын талқылады


Шешенстан жоғарғы соты төрағасының міндетін атқарушы Тахир Мурдалов.

Шешенстан жоғарғы соты төрағасының міндетін атқарушы Тахир Мурдалов.

Ресей жоғарғы соты Шешенстан жоғарғы соты төрағасының міндетін атқарушы Тахир Мурдаловтың соққыға жығылуына байланысты шұғыл отырысын өткізді. «Осы шақ» бағдарламасының хабарлауынша, сот Шешенстандағы жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан, бірақ болған оқиғадан хабардар екенін растаған.

«Кавказ.Реалии» сайтының хабарлауынша, қазанның 6-ы күні кешкісін Шешенстан парламенті жетекшісі Магомед Даудов өз еркімен қызметтен кету туралы өтініш жазудан бас тартқан Тахир Мурдаловты соққыға жыққан. Шешенстан мемлекеттік «Грозный» телеарнасы Мурдаловпен телефон әңгімесіне сілтеме жасап, бұл ақпаратты жоққа шығарғанымен, ол жазбаның шынайылығын анықтау мүмкін болмады. Судьяның қазір қайда екені белгісіз қалып отыр.

Шешенстан жоғарғы соты Даудовпен жанжалға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың баспасөз хатшысы журналистермен бұл тақырыпқа сөйлесуден бас тартты. «Новая газета» басылымы ресейлік құқық органдары мен Ресей президенті әкімшілігіне Мурдаловтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы өтініш айтты.

«Лорд» деген лақап есімімен танымал Магомед Даудов Рамзан Қадыровқа жақын адамдардың бірі. Ресейлік тәуелсіз басылымдар оны ықпалы жөнінен Шешенстандағы екінші адам деп атайды. Мурдаловқа жасалған шабуылды «Кавказ.Реалии» Даудов оның орнына «өз адамын» қойғысы келеді деп түсіндіреді.

Шешенстан жоғарғы сотының мұның алдындағы басшысы Магомед Каратаевқа Рамзан Қадыров өз еркімен отставкаға кетуді бұйырған соң ол қызметтен кеткен болатын.

XS
SM
MD
LG