Accessibility links

Азимжан Асқаровтың ісі бойынша сотта бейне жазбаға тыйым салды


Қырғызстандық құқық қорғаушы Азимжан Асқаров сотта отыр. 4 қазан 2016 жыл.

Қырғызстандық құқық қорғаушы Азимжан Асқаров сотта отыр. 4 қазан 2016 жыл.

Қырғызстанда өмірлік түрме жазасы кесілген құқық қорғаушы Азимжан Асқаровтың ісін қайта қарау жөніндегі сот жалғасты. Асқаровтың ісін Шу облыстық соты қарап жатыр. Сот отырысы мемлекеттік жазаны атқару қызметінің қарауылдау департаментінде өтіп жатыр. Сот отырысы судья белгілегендей әр сейсенбіде өтеді.

Бүгін сот басталар алдында прокурор өткен отырыста кейбір ақпарат құралдары сот залынан онлайн-трансляция жасағанын айтып, соттан бейнежазба түсіруге тыйым салуды сұрады. Прокурордың пікірінше, тікелей трансляция сот процесіне кері әсер етеді. Судья тараптардың пікірін тыңдаған соң бейне жазба түсіруге тыйым салып, операторлардың залдан шығып кетуін сұрады.

Асқаровтың ісі бойынша сотта бүгін жәбірленушілер, куәгерлер мен айыпталушылар сұралып жатыр. Бұдан соң сот жарыссөзге өтеді. Құқық қорғаушы Төлекан Исмаилова Асқаровтың жасы 60-тан асқанын және денсаулық жағдайы нашарлағанын айтып, соттан оны үйқамаққа алуды сұрады. Адвокат Валериян Вахитов да соттан Асқаровты ұстау шартын өзгертуді сұрады. Судья бұл өтінішті ашық қалдырды.

Ұлты өзбек Азимжан Асқаров қамалғанға дейін Базар-Коргон ауданында тұрып, құқық қорғау қызметімен айналысқан. Ол 2010 жылы маусымда Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош облысында этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында болған қақтығысты ұйымдастырды деген айыппен өмір бойына түрме жазасына кесілген.

Сәуірде БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті Қырғызстан билігінен Азимжан Асқаровты ақтап, түрмеден босатуды талап еткен. Осыдан кейін Асқаров пен оның адвокаттары Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, істі қайта қарауды сұраған.

12 шілдеде Жоғарғы соты Асқаровтың ісін Шу облыстық сотына қайта қарауға жіберген. Асқаров бұл сот процес барысында қамауда отыр.

2010 жылғы этникалық қақтығыстан 450-ден астам адам қаза тауып, ондаған мың адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG