Accessibility links

Сот Аянның әйелі мен Боқаевтың қарындасын куәгерлер тізімінен шығарды


Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі қаралып жатқан Атырау қалалық №2 соты. 12 қазан 2016 жыл.
Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі қаралып жатқан Атырау қалалық №2 соты. 12 қазан 2016 жыл.

Атырауда өтіп жатқан белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында судья олардың туыстарын куәгерлер қатарынан шығару туралы талап-арызды қанағаттандырды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгінгі сот барысында белсенділердің адвокаты, Талғат Аянның әкесі Төлепқали Аян Талғат Аянның әйелі Рашида Аян мен Макс Боқаевтың қарындасы Ақмарал Боқаеваны куәгерлер тізімінен шығаруды сұрады. Әйелі мен қарындасы өздерін сотқа дейінгі тергеуде куәгерлер тізіміне енгізіп қойғанын, туыстарына қарсы куәлік беруге қарсылық танытты. Судья Гүлнәр Дәулешова оларды куәгерлер қатарынан шығару туралы талап-арызды қанағаттандырды.

Талғат Аянның әйелі кеше өзін соттың алдын ала тыңдауына кіргізбей қойғанын айтады.

Боқаев пен Аянға қатысты соттың алдын ала тыңдауы кеше Атырау қалалық сотында басталған. Сот бұған дейін адвокаттардың судья Гүлнәр Дәулешованы істен шығару, сотқа бұрынғы ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевты, бұрынғы премьер Кәрім Мәсімовті, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты куә ретінде шақырту туралы талап-арыздарын қанағаттандырмаған.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде "араздық тудыру", "заңсыз митинг ұйымдастыру") бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ. Қамаудағы Макс Боқаевтың туыстары оның денсаулығына алаңдайды.

XS
SM
MD
LG