Accessibility links

Иран Йемен жағалауына әскери кемелерін жіберді


Иран әскери кемелері (Көрнекі сурет).
Иран әскери кемелері (Көрнекі сурет).

Иран Йеменнің жағалауындағы АҚШ әскері зымыраннан соққы беріп жатқан Аден шығанағына екі әскери кемесін жөнелтті. Америкалық әскерилер Иранмен одақтас көтерілісші хуситтер бақылауындағы территориялардағы радар қондырғыларын нысанаға алып жатыр. Хуситтер осы аптада Аден шығанағында жүрген америкалық эсминецті зымыранмен атқылағанымен, нысанаға тигізе алмаған.

Иранның "Тасним" агенттігі "Алванд" және "Бушер" кемелерінің Аден шығанағына сауда кемелерін қарақшылардан қорғауға жіберілгенін хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, аймаққа кемелерді жіберу туралы шешім 5 қазанда қабылданған және оның АҚШ әскери операциясымен еш байланысы жоқ. Ирандық кемелер Йеменнің оңтүстік жағалауындағы халықаралық маңызды сауда жолдарының бірі саналатын маңды қарауылдайды.

АҚШ әскерилері хуситтерге 13 қазанда, президент Барак Обама рұқсат берген соң әуеден соққы жасай бастаған. АҚШ Йеменде азаматтық соғыс басталғалы бері хуситтерге қарсы бірінші рет тікелей шабуыл жасап отыр. Бұған дейін АҚШ Сауд Арабиясы бастаған хуситтерге қарсы коалицияға тек логистикалық жағынан қолдау көрсеткен.

XS
SM
MD
LG