Accessibility links

Қырымда ұсталған украиналықтарды Мәскеу абақтысына апарған


Ресейлік ФСБ қызметкері тұтқындалған украин азаматы Егвений Пановты әкеле жатыр. Қырым, 11 тамыз 2016 жыл.
Ресейлік ФСБ қызметкері тұтқындалған украин азаматы Егвений Пановты әкеле жатыр. Қырым, 11 тамыз 2016 жыл.

Ресей аннексиялаған Қырым түбегінде «теракт жасамақ болған» деген күдікпен федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ұстаған Украина азаматтары Евгений Панов пен Андрей Захтей Мәскеудегі «Лефортово» түрмесіне жеткізілген. Бұл туралы жұма күні ресейлік «Новости» агенттігі хабарлады.

Мәскеу қоғамдық қадағалау комиссиясы төрағасының орынбасары Ева Меркачеваның айтуынша, Ресей астанасына осыдан бір аптадай бұрын құпия түрде жеткізілген Панов пен Захтей содан бері «Лефортово» түрмесінде отыр. Екі тұтқын да қамауда өздеріне қатал қарайтынына шағымданған және өздерін мұнда не мақсатпен әкелгенін білмейтіндерін айтқан.

«Бұл ресейлік арнайы қызметтің жоғары деңгейіндегілер бұл дүдәмал істі тікелей өздері бақылау үшін оны қарауына алғанын білдіреді. Қырымдағылар көптеген қателіктер жібергенге ұқсайды. Ол біздің адвокат Симферополь тергеу абақтысында Женяға [Евгений Панов] жолығып, оның денесіндегі азаптау іздерін түсіріп алғаннан кейін және оны өз-өзіне қарсы сөйлеуге мәжбүрлеп, істің қолдан жасалғанына көз жеткізген соң болып отыр», - деген Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбатында Евгений Пановтың туысы Игорь Котелянец.

Бұған дейін Симферополь соты Евгений Панов пен Андрей Захтейді желтоқсанның 10-ына дейін тұтқында қалдыру туралы шешім шығарған.

Тамыздың 7-іне қараған түні ФСБ қызметкерлері Қырымдағы Армянск қаласы аумағында бір топ адамды «түбекте теракт ұйымдастырмақшы болған» деген күдікпен ұстаған. Атыс барысында ФСБ қызметкері мен Ресей қорғаныс министрлігінің әскери қызметкері қаза тапқаны туралы хабарланған. ФСБ «Қырымда диверсия жасауды жоспарлаған» деп Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасын айыптаған.

Украина билігі ол айыптауларды жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG