Accessibility links

Киевте украиналық оңшыл күштер белсенділерінің шеруі өтті


Отан қорғаушы күні шеруде Ресей президенті Владимир Путиннің бейнесі салынған плакатты Ресей елшілігі жанында өртеп тұрған белсенді. Киев, 14 қазан 2016 жыл.
Отан қорғаушы күні шеруде Ресей президенті Владимир Путиннің бейнесі салынған плакатты Ресей елшілігі жанында өртеп тұрған белсенді. Киев, 14 қазан 2016 жыл.

Украинадағы «Свобода» ұлтшылдар ұйымының мыңнан астам белсендісі қазанның 14-і, Отан қорғаушы күні Киевте өткен шеруге қатысты. «Украина бөлінбейді!», «Украина қорғаушыларының даңқы арта берсін!» деген ұрандар ұстап шыққан шерушілер Киевтің орталық көшесімен жүріп өткен. Сонымен бірге бұл акция жылда қазанның 14-і атап өтілетін Украина казактары күні және Украина көтерілісшілері армиясының құрылған күніне де орайластырылып өткізілген.

Киевтегі Отан-Ана ескерткішінен София алаңына дейін жүріп өткен «Свобода» ұйымы белсенділерінің ізінше «Правый сектор» еріктілер корпусының, «С14» қоғамдық ұйымының және жаңадан құрылған «Ұлттық корпус» партиясының белсенділері де алау ұстап шеруге шыққан. Шараға қатысушылар қолдарына Донбаста қаза тапқан жауынгерлердің суреттері мен «Бейбітшілік жеңістен кейін», «Капитуляция – билік таңдауы» деген жазулар көтеріп жүрген.

Қатарына «Азов» азаматтық корпусы белсенділері мен осы аттас батальон ардагерлері енген «Ұлттық корпус» партиясына «Азов» батальонының бұрынғы басшысы, Жоғарғы Рада депутаты Андрей Билецкий жетекшілік етеді. Жаңадан құрылған саяси күш мемлекеттің ядролық мәртебесін қалпына келтіруді, сонымен бірге Украина президентінің қызмет құзырын кеңейтіп, оның тек қарулы күштердің бас қолбасшысы ғана емес, сонымен бірге үкімет жетекшісі болғанын қалайды. Бұдан бөлек «Ұлттық корпус» Ресеймен дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды үзуге шақырады.

XS
SM
MD
LG