Accessibility links

ҰҚШҰ отырысында халықаралық терроризммен күрес талқыланды


Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы. Ереван, 14 қазан 2016 жыл.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы. Ереван, 14 қазан 2016 жыл.

Арменияда жұма күні өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысқан Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев баяндамасында халықаралық терроризммен күрес тақырыбын қозғады деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

«Қазақстан әрдайым халықаралық терроризмге қарсы ортақ күреске, бәрін қамтитын қауіпке қарсы әрекеттегі ұжымдық күш салысуларды қолдауға атсалысқан, атсалысатын да болады», - деген Сағынтаев.

Ақорданың баспасөз қызметі бұған дейін президент Нұрсұлтан Назарбаев «суық тиіп, сырқаттанып қалғандықтан»оның орнына Еревандағы ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесі отырысына қазақстандық делегацияны премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бастап баратынын хабарлаған. Жиынға Қазақстанмен бірге ҰҚШҚ-ға мүше Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан президенттері қатысқан.

Еревандағы отырыстың қорытындысы бойынша ортақ мәлімдеме қабылданып, қол қойылған 20-дан астам құжаттың ішінде халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы әрекет етудің қосымша шаралары туралы шешімдер, сондай-ақ, 2020 жылға дейінгі мерзімдегі ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштеріне әскери кадрларды дайындау шешімі бар деп хабарлады Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі.

13 қазанда Еревандағы жаңадан салынған ҰҚШҰ академиясының төбесіне наразылық танытқан бір топ армениялық Ресей президенті Владимир Путиннің Арменияға келмеуін талап еткен баннер іліп кеткен еді.

ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы 2017 жылы Беларусь елінде өтеді.

XS
SM
MD
LG