Accessibility links

Мосулды ИМ тобынан қайтару операциясы басталғаны хабарланды


«Ислам мемлекеті» экстремистік тобымен шайқас барысында әуеге көтеріліп жатқан түтін. Мосул. (Көрнекі сурет.)
«Ислам мемлекеті» экстремистік тобымен шайқас барысында әуеге көтеріліп жатқан түтін. Мосул. (Көрнекі сурет.)

Ирактың елдің екінші үлкен қаласы Мосулды исламшылдардан азат ету операциясы басталды. 2014 жылдың жазынан бері қаланы ұстап отырған «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының позицияларына АҚШ әскерилері ауыр артиллериядан соққы берген. Операцияға сонымен бірге түрік әскерилері де қатысып жатыр деп хабарлайды CNN Turk телеарнасы.

Кеше түнде Ирак армиясы Мосулға операция басталатынын ескертіп әуеден үнпарақтар тастаған. Билік тұрғындарды үрейге бой алдырмай, қаланың кей аудандарынан аулақ жүруге шақырған.

АҚШ қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша, өткен екі жылда халықаралық коалицияның іс-әрекеті барысында Сирия мен Иракта 40 мыңнан астам исламшылдардың көзі жойылған. 2016 жылдың басынан бері «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы бақылауындағы жердің он пайызынан астамынан айырылған. Маусым айында Ирак армиясы америкалық әскерилердің қолдауымен Бағдаттан батысқа қарай 50 шақырым жердегі Фаллуджа қаласын исламшылдардан өзіне қайтарып алған.

XS
SM
MD
LG