Accessibility links

Керри Лондонда батыстағы серіктерімен Сирия мәселесін талқылайды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бүгін Ұлыбритания, Франция және Германия сыртқы істер министрлерімен Сириядағы жанжалды реттеу жөнінде келіссөздер өткізеді деп хабарлайды ВВС телеарнасы. Лондонда өтетін бұл кездесуге Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері қатыспайды.

Кеше Швейцарияның Лозанна қаласында Сирия мәселесі бойынша төрт жарым сағатқа жалғасқан келіссөздерге АҚШ, Ресей, Түркия, Қатар, Сауд Арабиясы мен Иранның өкілдері қатысқан. Келіссөзге қатысушылар оның қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасаған жоқ. Керридің сөзінше, Лозаннадағы кездесуде Сирияда бейбітшілік орнатудың жаңа жолдарын іздестіру талқыланған.

Сириядағы азамат соғысы 2011 жылдан бері жалғасып жатыр. АҚШ пен Ресей бірлесіп жанжалды реттеу және аймақтағы исламшылдарға қарсы күресу туралы келісімге келуге тырысып жатыр.

Қыркүйектің 9-ы күні Вашингтон мен Мәскеу арасында жарты жылдан астам уақытқа жалғасқан келіссөздерден соң Сириядағы әскери іс-қимылдарды доғару туралы келісім жасалған еді. Бірақ 19 қыркүйекте Алеппо провинциясында гуманитарлық жүк тиелген автокеруенге жасалған шабуылдан кейін Сириядағы уақытша бітім бұзылған. АҚШ бұл шабуылға ресейлік әскерилерді айыптап, Мәскеумен Сирия жанжалын реттеуге қатысты байланысын үзетінін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG