Accessibility links

Путин: АҚШ-тың кибер шабуыл туралы ескертуі - сайлауалды көпірме сөз


Владимир Путин БРИКС елдері басшыларының саммитінде. Гоа, Үндістан, 16 қазан 2016 жыл.
Владимир Путин БРИКС елдері басшыларының саммитінде. Гоа, Үндістан, 16 қазан 2016 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың ресейлік хакерлердің әрекетіне жауап ретінде кибер шабуыл жасалуы мүмкін деген ескертпесіне қатысты комментарий берді. Путиннің сөзіне қарағанда, АҚШ-тың бұл ескертпесі Вашингтонның "хакерлік шабуылды саяси мақсатта пайдаланатынын айғақтайды".

Үндістанда өтіп жатқан БРИКС елдері саммитінде сөйлеген Путин мұндай қоқан-лоқыны "сайлауалды көпірме сөз" деп санайтынын мәлімдеді. Ол сонымен қатар екі елдің қарым-қатынасы АҚШ-тағы президент сайлауынан соң жақсарады деген үмітте екенін білдірді.

14 қазанда АҚШ вице-президенті Джо Байден NBC телеарнасына берген сұхбатында Вашингтон Путинге "ресейлік хакерлердің шабуылына жуап ретінде өзімізге ыңғайлы кезде әсері мен салдары ауқымды болатын қарсы шара жасалатынын" ескертетінін айтқан.

"АҚШ бірінші рет осындай жоғары деңгейде әлгідей әрекетпен айналысатынын мойындады және белгілі бір деңгейде сонысымен доқ көрсетеді" деді Путин Байденнің сөзіне қатысты.

Ресей президенті сонымен қатар Мәскеу АҚШ-тағы сайлау нәтижесіне ықпал етуге ұмтылмайтынын да айтты. Вашингтон Ресейді қарашада өтетін президент сайлауы қарсаңында АҚШ Демократиялық партиясына кибер шабуыл жасады деп айыптайды.

XS
SM
MD
LG