Accessibility links

Ақтөбе: "Терроризм" айыбымен қамалған тұтқын аштығын тоқтатты


Ақтөбедегі тергеу изоляторларының бірі (Көрнекі сурет).
Ақтөбедегі тергеу изоляторларының бірі (Көрнекі сурет).

Ақтөбеде «терроризм» айыбымен қылмыстық іске тартылып, тергеу изоляторына қамалған Нұрлан Өмірбеков ашығуын тоқтатты. Он тәулік бойы тек су ішіп отырған күдікті изолятор басшыларына арыз жазып, 14 қазаннан ас іше бастайтынын хабарлаған. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

6 қазан күні Азаттыққа берген сұқбатында Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті жедел бөлімінің бастығы Нұрбол Отарғалиев "Айыпталушының тергеу изоляторы мен ондағы қызметкерлерге қатысты ешқандай арыз-шағымы жоқ. Ол тергеу барысындағы кейбір жайттарға наразы" деген болатын.

Тергеу материалдарына қарағанда, Нұрлан Өмірбеков екі серігімен бірге Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қосылмақ болып, биыл ақпан айында "кәпірлерге қарсы жиһад жасау үшін" қаржы іздестіре бастаған. Тергеушілер Нұрлан Өмірбеков "Ақтөбе облысының Жем қаласындағы қатаң режимді колониядағы мұсылман бауырларға қысым көрсеттің» деген желеумен жергілікті тұрғынды қыспаққа алып, оның құны 3 миллион 405 мың теңге тұратын пәтерін өз атына аударуға мәжбүрлеген дейді.

Нұрлан Өмірбековке қылмыстық кодекстің бес бабы (174-баптың 1-бөлімі, 256-баптың 2-бөлімі, 125-баптың 2-бөлімінің 1 және 8-тармақтары, 191-баптың 2-бөлімінің 1 және 3-тармақтары, 194-баптың 3-бөлімінің 3-тармағы) бойынша «терроризмді насихаттады», «әлеуметтік, діни алауыздықты қоздырды», «адам ұрлады», «кісі тонады және бопсалады» деген айыптар тағылған. Бұл айыптар оның күдікті екі серігі Р.Р.Жаңажанов пен Р.Д.Бердешевке де тағылған.

XS
SM
MD
LG