Accessibility links

Могерини: ЕО-ның Ресейге Сириядағы әрекеті үшін санкция салу ниеті жоқ


Федерика Могерини, ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары. Люксембург, 17 қазан 2016 жыл.
Федерика Могерини, ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі комиссары. Люксембург, 17 қазан 2016 жыл.

Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могерини ЕО Ресейге Сириядағы әскери іс-қимылдары үшін санкция салуды ойластырып жатпағанын мәлімдеді.

"Мұны ЕО-ның бір де бір елі ұсынған жоқ" деді Могерини 17 қазанда Люксембургте өтетін ЕО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі қарсаңында. Кездесуде негізінен Сириядағы қақтығыс жайы талқыланады деген болжам бар.

Федерика Могерини дегенмен ЕО Сириядағы бітімнің әлсірей бастауына байланысты Сирия билігіне қарсы санкцияны ұзартуы мүмкін екенін айтты.

16 қазанда АҚШ пен Ұлыбритания Ресей мен Сирия билігіне Алеппоның шығысындағы аудандарын бомбалауын тоқтатуына ықпал ету үшін жаңа санкциялар салуды ойластырып жатқанын мәлімдеген. Вашингтон мен Лондон сонымен қатар Сирия президенті Башар Асадтың басты одақтастары - Ресей мен Иранды өткен айда АҚШ пен Ресейдің араласуымен жасалған бітім бұзылған соң жаңа бітім жариялау туралы келісім жасауға шақырған.

XS
SM
MD
LG