Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылға қатысты соттың алдын ала тыңдауы басталды


Қарулы шабуылға қатысты күдіктілердің соты өтіп жатқан Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша соты. Ақтөбе, 18 қазан 2016 жыл.
Қарулы шабуылға қатысты күдіктілердің соты өтіп жатқан Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша соты. Ақтөбе, 18 қазан 2016 жыл.

Ақтөбеде бүгін маусымның басында болған қарулы шабуылдарға қатысты күдікке ілінген 29 адамның үстінен соттың алдын ала тыңдауы басталды. Тыңдау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досованың сот басталарға дейін журналистерге хабарлауынша, сотталушыларды сотқа жергілікті уақыт бойынша сағат 9-ға белгіленген тыңдау басталардан екі сағат бұрын алып келген. Сотты облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Нұрлан Сұлтанов қарап жатыр. Соттың қандай режимде өтетіні алдын ала тыңдау кезінде белгілі болады.

Сот ғимаратында күзет күшейтіліп, сот орналасқан аудан қоршауға алынған. Сот ғимаратының әжетхана, асханасы бар жер астындағы қабатын қайта жасақтаған. Сот күні бойы өтетіндіктен сотталушылар сол жерден тамақ ішеді. Төменгі қабатта сотталушылардың тамақтануына арналған бес бөлме, асхана және жуынатын бөлме даярланған. Сотталушыларға тамақты олар қамауда отырған тергеу абақтысынан алып келеді. Ғимараттың жер астындағы қабатына сотталушыларды бақылау үшін 20 камерасы қойылған.

БАҚ өкілдері сот процесін арнайы залдан монитордан қарап отыр.

Азаттық тілшісі сотқа көршілес ғимараттардың шатырларынан автоматпен қаруланған сарбаздардың жүргенін байқады.

Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына көршілес үйдің шатырында тұрған қарулы сарбаз. 18 қазан 2016 жыл.
Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына көршілес үйдің шатырында тұрған қарулы сарбаз. 18 қазан 2016 жыл.

Қылмыстық іс бойынша 29 адам сотқа тартылады. Оның тоғызы түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары, 18-і дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны, екеуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталып отыр. Айыптылардың құқығын 27 адвокат қорғайды. Бұл іс бойынша 88 адам жәбірленуші, 48 адам куәгер деп танылған.

XS
SM
MD
LG