Accessibility links

Ресей Сібірде ауқымды әскери жаттығу бастады


"Кавказ-2016" стратегиялық командалық-штабтық әскери жаттығуы (Көрнекі сурет).
"Кавказ-2016" стратегиялық командалық-штабтық әскери жаттығуы (Көрнекі сурет).

Ресейдің Орталық әскери округінде ауқымды әскери жаттығу басталды. Батыс және Оңтүстік Сібір округтерінде орналасқан 20 мыңнан астам әскери қызметкер дабыл белгісімен дайындыққа келтірілді деп хабарлады округ қолбасшылығының ресми өкілі Ярослав Рощупкинге сілтеме жасаған РИА "Новости" агенттігі.

Рощупкиннің сөзіне қарағанда, бес күнге созылатын жаттығуға мотоатқыштар бөлімшелері, танк және артиллериялық бөлімшелер, Толмачев әуе базасының экипаждары, С-300 және С-400 зенит-зымыран кешендерінің дивизиондары, арнайы мақсаттағы отрядтар қатыстырылады.

Өткен сенбіде Египетте "Достықты қорғаушылар-2016" деп аталатын ресей-египет біріккен террорға қарсы жаттығуы басталған. Жаттығуда бір мезетте 300 десант түсіру жоспарланған.

Қыркүйектің алғашқы жартысында Ресей армиясында "Кавказ-2016" деп аталатын стратегиялық командалық-штабтық жаттығуы өткен. Оған 12 мыңнан астам әскери қызметкер қатыстырылған. Жаттығу Оңтүстік әскери округтің әскери дайындығын жапай тексеруден бес күннен соң басталған.

25 тамызда Ресей президенті Владимир Путин қарулы күштердің әскери дайындығы аяқ астынан тексерілетінін мәлімдеген. Тексеру Оңтүстік, Батыс және Орталық әскери округтерінде және Солтүстік флотта, әскери-ғарыш күштерінде және әуе-десанты күштерін қамтиды.

Ресей 2014 жылы наурызда Украинадан Қырымды аннексиялап алып, Украинадағы қақтығысқа киліккен соң әскери жаттығу өткізу мен әскери дайындықты шұғыл тексеруді жиілеттті. Батыс елдері бұған алаңдайтынын бірнеше рет білдірген.

XS
SM
MD
LG