Accessibility links

Антрополог: Кейкі батырдың бет-бейнесін толық қалпына келтіруге болады


Арқалық қаласындағы дала өлкесі мұражайының алдында тұрған Кейкі батырдың ескерткіші.

Арқалық қаласындағы дала өлкесі мұражайының алдында тұрған Кейкі батырдың ескерткіші.

Ресейден Қазақстанға әкелінген Кейкі батырдың тірі кезіндегі бет бейнесін тұтастай қалпына келтіруге болады. Бұл туралы Азаттыққа венгр антропологы Андраш Жолт Биро (AndrashBiro) айтты.

Андраш Жолт Бироның айтуына қарағанда, қазанның 13-і күні Будапештке жеткізілген Кейкі батырдың бассүйегін зерттеуге енді кіріспек.

- Алдымен бас сүйекке қандай зақым келгенін, қандай жарақат алғанын анықтаймыз. Қанша рет ұрған, соққылардың қандай болғанына дейін анықтауға тырысамыз, - дейді маман.

Оның сөзінше, Кейкі батырдың бет-бейнесін қалпына келтіру жұмыстарымен білікті маман Агнеш Куштар айналысады.

- Бет бейнесін қалпына келтіру ісімен ғалым реконструктор Агнеш Куштар айналысады. Арнайы томограф арқылы үш өлшемді моделін қалпына келтіруге тырысамыз. Соның нәтижесінде, батырдың тірі кезіндегі бет бейнесінің 98-99 пайызын құрастырып көре аламыз. Оған қоса ДНҚ сараптамасы да жасалады. Себебі батырдың ұрпақтары болуы әбден мүмкін, - дейді Андраш Жолт Биро.

Оның айтуынша, зерттеу жұмыстары енді ғана басталмақ. Оның басталуы мен зерттеу жұмыстары қалай жүретіндігі жайлы бүгін Будапештте өтетін арнайы баспасөз маслихатында хабарланады.

Андраш Жолт Бироның сөзінше, зерттеу жұмыстарын желтоқсан айында «Қазақстанның тәуелісіздігі күніне қарай аяқтап, арнайы мәлімдеме жасау жоспарланған».

Кейкі батыр (Нұрмағанбет) Көкембайұлы - 1916 жылы Торғай өңіріндегі қазақтардың Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне және кейін совет билігіне қарсы қозғалысқа қатысушылардың бірі. Совет өкіметі Кейкіні 1923 жылы ұстап, басын шауып өлтірген. Кейін Ресейге жөнелтілген Кейкі батырдың бас сүйегі осы кезге дейін Санкт-Петербургтегі антропология және этнография музейінде сақталып келген.

Биыл жазда сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов Ресей үкіметінен сұрағаннан кейін Ресей осы аптада Қазақстанға ​Кейкі батырдың бас сүйегін қайтарған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG