Accessibility links

Боқаев пен Аян сот тыңдауына қатысудан бас тартты


Белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сотта отыр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Белсенділер Макс Боқаев (сол жақта) пен Талғат Аян сотта отыр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Атыраудағы сотта белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаев сотқа қатысудан бас тартып, жазбаша талап-арыз түсірді. Олар сотқа Астанадан жауап беретін куәгерлер Нұрғали Досанбаев пен Олжас Бекбауовты әкелуді сұрады. Сотталушылар техникалық мүмкіндіктің салдарынан Астанадан видео конференция арқылы жауап беріп жатқан олардың сөзін есту мүмкін емесін, олардың жүріп-тұруына шектеу қойылмағанын айтты. Сотталушылардың талап-арызын адвокаттары да қолдап, сотқа қатысудан бас тартты. Бірақ судья адвокаттардың сотқа қатысудан бас тартуы сотқа жасалған қысым деп бағалайтынын айтқан соң қорғаушылар сот залынан кетіп қалмағанымен, процеске араласпады.

Сотталушылар мен адвокаттардың байкот жариялағанына қарамастан судья Гүлнәр Дәулешова Астанадағы куәгерлерден видео конференция арқылы жауап алу туралы шешімін өзгертпейтінін жариялады. Сотта Бекбауов пен Досанбаевтан видео конференция арқылы жауап алу жалғасты.

Боқаевтың адвокаты Нұрбике Ескендірова судья процеске қатыспау -"сотты құрметтемеу болып саналатынын" айтқан соң залдан шығып кете алмағандарын айтты.

Боқаевтың әпкесі әрі қорғаушысы Жанар Боқаева сотталушылар куәгерден видео арқылы жауап алудың сапасы нашар екенін, өздеріне берілген аудио құралдардан дауыс естілмейтінін айтып, сотқа қатысудан бас тартқанын жеткізді.

Мұның алдында Талғат Аян өзінің "Бекбауов пен Досанбаевтың сотқа келіп жауап беруі" туралы талап-арызы орындалмаса аштық жариялайтынын ескерткен.

Сот залында қауіпсіздік шаралары күшейтілген, сот ғимаратының дәлізде бірнеше полиция қызметкері жүр. Соттан тікелей трансляция жасап жатқан Азаттық тілшісіне сот приставтары сот залынан тыс жерде видео түсіруге бірнеше рет кедергі жасады.

XS
SM
MD
LG