Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылға қатысты сот 24 қазанда басталмақ


Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. Ақтөбе, 18 қазан 2016 жыл (Көрнекі сурет)

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. Ақтөбе, 18 қазан 2016 жыл (Көрнекі сурет)

Ақтөбеде қарулы шабуылға күдіктілердің үстінен сот тыңдауы 24 қазан күні сағат 9-ға белгіленді. Бүгін алдын ала сот тыңдауы кезінде Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ахметқали Молдағалиев соттың жабық түрде өтетінін хабарлаған болатын. Ал түстен кейін Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі соттың жабық түрде өтуіне екі себеп бар екенін айтты.

- Сот процеске қатысушылардың қауіпсіздігі мен мемлекеттік құпияны қорғау үшін жабық түрде өтеді, - деді соттың баспсөз хатшысы Илиада Досова.

5 маусымда болған қарулы шабуылдарға қатысты күдікке ілінген 29 адамның үстінен соттың алдын ала тыңдауы 18 қазан күні Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті.

Қылмыстық іс бойынша 29 адам сотқа тартылады. Оның тоғызы түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары, 18-і дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны, екеуі қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталып отыр. Айыптылардың құқығын 27 адвокат қорғайды. Бұл іс бойынша 88 адам жәбірленуші, 48 адам куәгер деп танылған.

XS
SM
MD
LG