Accessibility links

Дереккөздері Кабул мен "Талибанның" келіссөзді қайта бастағанын растады


Ауғанстан қорғаныс министрі Мұхаммед Масум Станекзай.
Ауғанстан қорғаныс министрі Мұхаммед Масум Станекзай.

Ауғанстан билігіндегі жоғары шенді шенеунік Азаттықтың Ауған редакциясына қыркүйектің басынан бері Катар астанасы Дохада "Талибан" қозғалысының өкілдерімен құпия екі келіссөз өткенін растады. Бірақ ол келіссөз жайлы егжей-тегжейлі ақпарат бермеді.

Бұған дейін британдық Guardian газеті келіссөздің қайта басталғанын хабарлаған. Басылымның ақпаратына қарағанда, келіссөзге талибтер атынан "Талибанның" қайтыс болған жетекшісі Мулла Омардың ағасы Манан Ахунд қатысқан. Ахунд Ауғанстан қорғаныс министрлігінің басшысы Мұхаммед Масум Станекзаймен "жүзбе-жүз" кездескен және ол кездесу "позитивті түрде өткен". Ауғандық ToloTV телеарнасы 18 қазанда өз дереккөзіне сүйеніп, келіссөзге президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Мұхаммед Ханиф Атмардың да қатысқанын хабарлады.

Қыркүйектің соңында ресми Кабул исламшыл радикалды топ жетекшілерінің бірі Гүлбеддин Хекматиярмен бітім жасасқан. "Талибандағы" дереккөзі Guardian-ға құпия келіссөздің екі кезеңіне де АҚШ өкілдері қатысқанын, Пәкістан өкілдері араласпағанын хабарлаған.

Кабулдағы АҚШ елшілігі бұл ақпаратқа қатысты мәлімет беруден бас тартты. Ауған билігі Станекзайдың қыркүйектен бері Катарға кем дегенде бір рет барғанын растады.

XS
SM
MD
LG